Жол саласы цифрландырылады
Қазақстанның жол саласында E-Joldar бірыңғай цифрлық экожүйесі қалыптасып жатыр. Жоба жол инфрақұрылымын басқаруды жетілдіріп, мәліметтердің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Жаңа платформа әр жол учаскесіне қатысты ақпаратты бір жерге жинақтайды. Мұнда нысанның техникалық сипаттамасы, жөндеу тарихы, пайдаланылған материалдар мен зертханалық бақылау нәтижелері көрсетіледі. E-Joldar KazToll, KazRoadLab, eOtinish, Sapar және басқа да салалық жүйелермен біріктіріледі. Мысалы, азаматтардың жол сапасына қатысты өтініштері нақты учаскемен байланыстырылып, оның жағдайы мен жөндеу жұмыстары туралы деректермен салыстырылады. Ал RoadIQ жүйесі жиналған мәліметтерді талдап, жөндеуді қажет ететін учаскелерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, жолдың құрылысы мен пайдаланылуынан бастап жөндеуіне дейінгі толық цифрлық тарихы қалыптасады.