«38. Соңғы нүкте» фильмі үлкен экранға жол тартады
Қазақстандық кинорежиссерлер 2023 жылғы Семей орманындағы қайғылы оқиғаны негізге ала отырып, «38. Соңғы нүкте» атты драмалық фильм-катастрофа түсірді. Туынды табиғи апатпен бетпе-бет келген қарапайым орманшылардың тағдыры арқылы адам өмірінің құндылығы мен жауапкершілік тақырыбын көтереді.
Оқиға орман ішіндегі күнделікті қызметін атқарып жүрген бір топ орманшының тіршілігінен басталады. Алайда кенеттен тұтанған өрт бақылаудан шығып, кейіпкерлерді табиғаттың алапат күшімен ғана емес, өз қорқыныштарымен де бетпе-бет қалдырады. Шығармашылық топ бұл туынды нақты өмірбаяндарды дәлме-дәл қайталамайтынын, кейіпкерлер мен оқиғалар көркемдік мақсатта өзгертілген авторлық интерпретация екенін айтады. Айта кетейік, алапат өрт кезінде қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан барша орман қызметкерлерінің рухына арналған бұл фильм 2026 жылдың 3 қыркүйегінен бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіледі.