«Қызылжар» телеарнасы - талай маманның кәсіби жолын бастап, шыңдалуына негіз болған қара шаңырақ. Бұған дейін біздің ұжымда қызмет етіп, бүгінде Астана қаласындағы республикалық медиа саласында еңбек жолын жалғастырып жүрген әріптестеріміз жетерлік. 

Теріскейдің телеарнасынан түлеп ұшып, бас қаланың бас ақпарат айдынында жүрген әріптестеріміздің бүгінгі тыныс-тіршілігі ерекше. Солардың бірі - Айсұлу Жақыпова. Қызылжар телеарнасында қызметтік жолын бастаған Айсұлу Жанатайқызы қазіргі таңда «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында жұмыс істейді. Білікті маманның телевизия саласында жүргеніне 25 жылға жуықтаған. 

СНХ: АЙСҰЛУ ЖАҚЫПОВА, «QAZAQSTAN» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ РЕЖИССЕРІ

 Қызмет бабымен бас қалаға қоныс аударып, аттары республикаға танылған солтүстікқазақстандықтардың қатарында – Альбина Әшім де бар. Кәсіби шеберлігімен көрермен көзайымына айналған жерлесіміз бүгінде елдің бас арнасы – «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасында тележүргізуші болып еңбек етеді. 2007 «Қызылжардан» басталған шығармашылық жол, бүгінде еліміздің бас ақпарат айдынында сәтті жалғасын табуда.

СНХ: АЛЬБИНА ӘШІМ - «QAZAQSTAN» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІСІ

«Қызылжар» мектебінен шыңдалып, елорда төрінде ақпарат ағынының бел ортасында жүрген тағы бір жерлесіміз - Нұрсұлтан Тілеклес. Бүгінде ол бас қалада республикалық деңгейдегі ең өзекті де өткір тақырыптарды тарқатып, белгілі телеарнада білікті тілші болып қызмет атқарады. Оқиға орнынан жедел ақпарат таратып, көрерменге шынайы жаңалықтарды жеткізуде, Нұрсұлтан Маратұлының өзіндік қолтаңбасы қалыптасып үлгерген.

СНХ: НҰРСҰЛТАН ТІЛЕКТЕС - «QAZAQSTAN» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ТІЛШІСІ

«Қызылжар» телеарнасы - жас мамандардың кәсіби тұрғыда қалыптасып, тәжірибе жинауына мүмкіндік беретін үлкен мектеп. Осы ортада шыңдалып, Астана медиа кеңістігіне бет алған әріптестеріміздің бірі - Айнұр Досан. Оның туған арнадан шығып, бас қалаға қарай екі жыл бұрын ғана қанат қаққаны есімізде. Осы уақыт ішінде жас маман елорданың қарбалас жұмыс ырғағына тез үйреніп, бүгінде жаңа бағытта, заманауи медиа саласында өз қабілетін дәлелдеп келеді.

СНХ: АЙНҰР ДОСАН – «JIBEK JOLY/SILK WAY» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ВЕБ-РЕДАКТОРЫ

Қызылжардан түлеп ұшқан қырандар бүгінде елорда аспанында биік самғауда. Олар өздерінің әрбір жетістігін – «Қызылжар» облыстық телеарнасы ұжымының, ондағы өз ісінің хас шебері атанған кәсіби ұстаздарының еңбегінің жемісі деп біледі. Туған жерден жырақ кетсе де, жүректері «Қызылжар» деп соғатын әріптестеріміздің шығармашылық жолы кейінгі толқын жастарға үлкен үлгі. Айта кетейік, қазіргі таңда облыстық телеарнада 55 қызметкер жұмыс істейді.