Петропавлда халықаралық QYZYLJAR MUSIC FEST фестивалі жалғасуда. Қала күні қарсаңында бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан іс- шара түрлі музыкалық бағыттағы өнерсүйер қауымды біріктіруде. Фестивальдің әр кеші жеке жанрға арналады. Бұл жолы орталық алаңда электронды музыка шырқалып, өңірдің үздік диджейлері көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Электронды музыка кеші фестивальге арнайы жазылған авторлық әнмен ашылды. Әннің сөзін жергілікті фотограф Алмас Зікірин жазса, әуені жасанды интеллект көмегімен жасалған. Композицияға би ансамблінің өнерімен сүйемелденіп, халықаралық QYZYLJAR MUSIC FEST фестивалінің үшінші күніне салтанатты түрде бастау берілді.
СНХ: АНАСТАСИЯ КАБАНОВА – ОБЛЫСТЫҚ ХАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ МӘДЕНИ-ДЕМАЛЫС ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ
Фестиваль қатысушыларының бірі – Ерасыл Балғабай. Ол төрт жылдан астам уақыттан бері диджейлікпен айналысады. Алғашқы қадамдарын отбасылық мерекелер мен ойын-сауық орындарында бастаған өнерпаз бүгінде Астанадағы ірі концерттік алаңдарда өнер көрсетіп, енді өз шығармашылығын халықаралық QYZYLJAR MUSIC FEST фестивалінде таныстыруда.
СНХ: ЕРАСЫЛ БАЛҒАБАЙ – ДИДЖЕЙ
Электронды музыка кешіне жиналған жұртшылық ерекше әсер алды. Көрермендермен бірге кездейсоқ өтіп бара жатқан тұрғындар да би алаңына қосылды. Бұл кеш жас жұбайлар үшін де есте қаларлық сәтке айналды. Олар сахнада құттықталып, қалыңдық дәстүр бойынша гүл шоғын лақтырды.
QYZYLJAR MUSIC FEST фестивалі алдағы күндері де жалғасады. Күн сайын кешкі жетіден түнгі он бірге дейін қала тұрғындары мен қонақтарына концерттік бағдарламалар ұсынылады. Алда эстрадалық және классикалық музыка кештері, сондай-ақ фестивальдің қорытынды гала-концерті өтеді.