Шілденің алғашқы жексенбісінде елімізде Ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Бұл – қазақ халқының рухани мұрасын ұлықтайтын, ұлттық өнердің қадірін арттыратын ерекше мереке. Осыған орай Петропавл қаласының орталық алаңында күй күмбірлеп, ұлттық музыкаға арналған ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Биыл дәл осы мерекеден QYZYLJAR MUSIC FEST–V халықаралық фестивалі бастау алды. Жүздеген күйші мен домбырашы Қазақстан Конституциясы көшесімен шеру жасап, кейін көпшілікке мерекелік концерт ұсынды.
Мерекелік іс-шараға Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының барлық ауданынан келген өнерпаздар қатысты. Домбырашылар орталық алаңнан бастап Қазақстан Конституциясы көшесімен жүріп өтіп, тұрғындарға ұлттық өнердің көркемдігін паш етті. Шеру барысында белгілі күйлер орындалып, қала тұрғындары өнерпаздарды зор ықыласпен қарсы алды.
СНХР: ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Мерекелік іс-шараға тәжірибелі музыканттармен жас өнерпаздар да белсенді қатысты. Солардың бірі – «Теріскей» этно-фольклорлық ансамблінің домбырашысы Байымбет Құбайдолла. Ол домбыраны 2008 жылдан бері серік еткен. Музыкалық білім алған өнерпаз он жылдан бері Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінде қызмет атқарып, жас буынға домбыра үйретіп жүр. Ал «Теріскей» ансамблінің құрамында үш жылдан бері өнер көрсетіп келеді.
СНХ: БАЙЫМБЕТ ҚҰБАЙДОЛЛА, «ТЕРІСКЕЙ» ЭТНО-ФОЛЬКЛОРЛЫҚ АНСАМБЛІНІҢ ДОМБЫРАШЫСЫ
Фестивальге қатысушылардың қатарында кәсіби музыканттар ғана емес, өнер мектептерінің оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ ұлттық өнерді ұлықтаған қала тұрғындары да болды.
Петропавлда бастау алған бесінші халықаралық QYZYLJAR MUSIC FEST фестивалі 10 шілдеге дейін жалғасады. Фестиваль аясында бірнеше концерттік бағдарлама, шығармашылық кездесулер мен мәдени іс-шаралар өтеді. Ал алғашқы күннің кешкі бағдарламасында көрермендерге «HASSAK» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетті.