Қаланы таза ұстауға әр тұрғын өз үлесін қоса алады. Ол үшін Telegram желісіндегі «Таза KazBot» ботын пайдаланып, заңсыз қоқыс үйінділері, шашылған қоқыс немесе экологиялық заңнаманың өзге де бұзушылықтары туралы хабарлау жеткілікті. Цифрлық сервистің мүмкіндіктері туралы петропавлдықтарға СҚО прокуратурасы мемлекеттік органдармен, жастар ұйымдарымен және еріктілермен бірлесіп ұйымдастырған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барысында айтылды. Іс-шараға қатысушылар мыңға жуық ақпараттық жадынама таратып, Telegram-ботты пайдалану тәртібін түсіндірді.

Экологиялық акция прокуратура қызметкерлерін, мемлекеттік органдардың өкілдерін, жастар ұйымдары мен еріктілерді біріктірді. Ұйымдастырушылар тұрғындарға «Таза KazBot» Telegram-боты арқылы экологиялық заңнаманың бұзылуы туралы жедел хабарлауға болатынын түсіндіріп, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңыздылығын еске салды.

СНХР: АЙТУҒАН ҚАСКЫРБАЕВ, СҚО МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ТАБИҒАТ ҚОРҒАУ ПРОКУРОРЫ 

Акцияға ерікті Карина Аманжолова да қатысты. Ол өзге волонтерлермен бірге тұрғындарға ақпараттық жадынамалар таратып, Telegram-ботты пайдалану жолдарын көрсетті. Оның айтуынша, өзі де сервистің жұмысын тәжірибеде қолданып, көшеде жатқан қоқыс туралы хабарлама жіберген.

СНХР: КАРИНА АМАНЖОЛОВА, ЕРІКТІ

Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай акциялар экологиялық мәдениетті қалыптастырып, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырады. Қала тұрғындары заңбұзушылықтар туралы неғұрлым белсенді хабарлаған сайын, олар соғұрлым жедел жойылып, қаланың тазалығы мен көркі арта түседі.