Петропавлда қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Облыс орталығында «Qyzyljar» экопаркінің құрылысы жалғасуда. Оның аумағында заманауи аквапарк салу жоспарланған. Сонымен қатар тұрғындар үшін мәдени және спорттық іс-шаралардың мазмұнды бағдарламасы әзірленуде.

 «Qyzyljar» экопаркінің құрылысы – Петропавлдағы жаңа қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған ең ірі жобалардың бірі. Құрылыстың алғашқы кезеңі аяқталуға жақын. Мұнда отбасылық демалысқа, серуендеуге, спортпен шұғылдануға және мәдени іс-шаралар өткізуге қолайлы жағдай жасалуда. Сонымен қатар Пестрое көлінің акваториясын жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жағажай маңындағы аумақ тазартылып, су сапасы тұрақты бақылауға алынған. Алдағы уақытта жерснарядтардың көмегімен жағалау мен көл түбін қосымша тазарту жоспарланып отыр. Экопарк аумағында түркиялық инвестордың қатысуымен заманауи аквапарк салу көзделген. Жоба шамамен екі мың келушіге есептелген. Құрылысты биыл бастау, ал нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, жаз және күз мезгілдерінде тұрғындарды мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларға толы бағдарлама күтеді. Оның басты оқиғасы – Татарстан Республикасынан келетін қонақтардың қатысуымен өтетін Qyzyljar Sabantui 2026 халықаралық мерекесі болмақ.