Петропавлда жалаңаш күйінде субұрқаққа түскен ер адам 15 тәулікке қамауға алынды. 

Петропавл тұрғындарының әлеуметтік желілерде наразылығын тудырған оқиға 2 шілдеге қараған түні шамамен сағат 00:30-да болды. Мас күйдегі ер адам Орталық алаңдағы субұрқаққа жалаңаш түсіп, жуынған. 

Құқық бұзушының әрекеті полицияның назарынан тыс қалған жоқ. Оның жеке басы анықталып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сот оған 15 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады. Полицейлер әлеуметтік желі қолданушыларына егер қылмыстың немесе құқық бұзушылықтың куәсі болған жағдайда, тек бейнежазбаға түсірумен шектелмей, оқиға туралы дер кезінде полицияға хабарлауды сұрайды. 

СНХР: Серік Әлжанов — Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы

Сондай-ақ полицейлер айналасындағыларға құрметсіздік білдіріп, қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттер үшін заңда 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл, 20 сағаттан 60 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе бес тәуліктен он бес тәулікке дейін әкімшілік қамау түріндегі жаза көзделгенін еске салады.