Жобаның іске асуы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қатысуымен және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ықпалымен жүзеге асуда. Айта кетерлігі, 2008 жылы идея ретінде бастау алған бұл жоба араға жылдар салып, 2026 жылы «жылқы жылы» символикалық мәнмен қайта жанданып, үлкен экранға жол тартып отыр. Түсірілім жұмыстарына 160-тан астам адам жұмылдырылған.
СНХ: ЕРКЕБҰЛАН ӘЛІМЖАНОВ, РЕДАКТОРЫ , СЦЕНАРИЙ АВТОРЫ
Фильм сюжеті жас тарихшы Олжастың тағдыры төңірегінде өрбиді. Ол сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болған арғы атасының есімін ақтап алуға тырысып, ұзақ жылдар бойы шешуі қиын жұмбақтың сырын ашуға ұмтылады. Бұл жолда оған көне күнделік пен жұмбақ масканың бейнесі салынған шифрланған жазбалар бағыт-бағдар береді. Кейіпкер музей қызметкері Жібекпен бірге Ботай қонысына қатысты көне жәдігердің ізіне түсіп, үлкен ізденіске аттанады. Айта кетерлігі, басты рөл – Олжастың бейнесін сомдауға 50-ден астам үміткер ниет білдірген.
СНХ: РУСЛАН АСЫЛБЕК, АКТЕР
Кинокартинаның оқиғасы бір уақытта үш тарихи кезеңді қамтиды: өткен ғасырдың 30-жылдары, қазіргі заман және энеолит дәуірі. Фильмде детектив, шытырман оқиға, тылсым және экшн жанрлары үйлесім тауып, көрерменді ерекше атмосфераға жетелейді.
Негізгі түсірілім жұмыстары жаз айларында Ботай қонысында, сондай-ақ Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың көрікті жерлерінде жалғасады. Қазіргі таңда фильмнің шамамен 30 пайызы түсіріліп үлгерген. «Ботай. Ғайып ғалам» көркем фильмінің тұсаукесері келесі жылы Петропавл қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Айта кеткен жөн , түсірілім жұмыстары барысында қала көшелерінің кейбір бөліктерінде жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін. Ұйымдастырушылар тұрғындардан мұндай уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрайды.