Бүгін қалалық әкімдікте Татарстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Дүниежүзілік татар конгресі Ұлттық кеңесінің төрағасы Василь Шайхразиевтің қатысуымен татар халқының ұлттық мерекесі – Сабантойды дайындау және өткізу мәселелеріне арналған ұйымдастыру комитетінің отырысы өтті. Жиында мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру барысы талқыланып,дайындығы қаралды. Сонымен қатар, делегация мүшелері Сабантой мерекесі өтетін негізгі алаңдарды аралап көрді.

25-26 шілде күндері қалада татар халқының ұлттық мерекесі – Сабантой өтеді. Мерекенің маңызды оқиғаларының бірі – Татарстан Республикасының қолдауымен дайындалған татардың көрнекті ақыны Ғабдолла Туқай бюстінің ашылуы. Өңір тұрғындары мен қонақтарын ұлттық спорттық жарыстар, концерттер, қолөнер көрмелері мен татар тағамдары фестивалі күтеді. Ұйымдастыру комитетінде қауіпсіздік пен логистика мәселелері қаралды. Сабантойға 60 мыңнан астам адам келеді деп күтілуде.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Мерекенің құрметті қонағы ретінде Татарстан Республикасының басшысы Рустам Миннихановтың келуі күтілуде. Бұл сапар Татарстан мен Солтүстік Қазақстан арасындағы мәдени-тарихи байланыстардың беріктігін айқындай түседі. Сондай-ақ, бұл екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жаңа серпін береді.

ВАСИЛЬ ШАЙХРАЗИЕВ, ТАТАРСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ТАТАРЛАР КОНГРЕСІ ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

Алаңдардың дайындығына ерекше назар аударылды. Петропавл қаласының басты алаңында Сабантойдың негізгі салтанатты бөлігі – ашылу рәсімі мен концерттік бағдарлама өтеді. Тәуелсіздік стеласы маңында этноауыл орналасады. Шаталов алаңы Балалар Сабантойына арналып, онда ойындар, байқаулар мен түрлі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады.