Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі ретіндегі позициясын нығайтып, өндірістік әлеуетін арттыруда және ауыл шаруашылығы мен цифрлық салаға заманауи технологияларды белсенді енгізуде. Жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов агроөнеркәсіптік кешені мен өңірді цифрлық трансформациялау бағытында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың барысымен танысты.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді. Бағдарлама аясында Үкімет басшысы Есіл ауданындағы «Атамекен Агро Корнеевка» серіктестігінің жұмысымен танысты. Сапар барысында оған өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов 2025 жылғы ауыл шаруашылығы саласының қорытындылары мен биылғы жылдың алғашқы екі тоқсанындағы нәтижелер туралы баяндады. Оның айтуынша, өңірде мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде салада тұрақты өсім байқалады. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 285 миллиард теңгеге жуықтаған.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, өңірдегі сүтті мал шаруашылығын дамытудың тағы бір жарқын үлгісі Мағжан Жұмабаев ауданында салынып жатқан «СК Агро 2050» серіктестігінің мегафермасы. 10 мың бас ірі қараға арналған кешен іске қосылғаннан кейін Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі сүт-тауарлы фермалардың біріне айналмақ. Жоба аясында жылына 40 мың тоннадан астам сүт өндіру көзделген. Кәсіпорынды пайдалануға беру биылғы шілде айына жоспарланған. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Алғашқы жоғары өнімді сиырлар Германиядан жеткізілді. Ал «Атамекен-Агро Корнеевка» серіктестігінің сүт-тауарлы фермасы 2024 жылы пайдалануға берілген. 2,5 мың бас ірі қара малға арналған кешен бүгінде толық қуатта жұмыс істеп тұр. Мұнда Еуропадан әкелінген голштин-фриз тұқымды сиырлар өсіріледі. Заманауи ферма автоматтандырылған азықтандыру және климаттық бақылау жүйелерімен жабдықталған. Бұл малға жайлы жағдайда күтімі жасап, одан алынатын өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
АЛЕКСАНДР ФАДЕЕВ, «АТАМЕКЕН-АГРО КОРНЕЕВКА» ЖШС ДИРЕКТОРЫ, ЕСІЛ АУДАНЫ
Сонымен қатар, жыл соңына дейін Солтүстік Қазақстан облысында жылына 10 мың тонна өнім өндіретін «Петропавл бройлері» серіктестігінің ет бағытындағы құс фабрикасын іске қосу жоспарланып отыр. Марат Тасмағанбетов,- бұл жоба құс еті бойынша импортты алмастыру мәселесін толық шешуге мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. Бүгінде өңірде жылына шамамен 600 миллион жұмыртқа өндіретін алты құс фабрикасы жұмыс істейді. Сонымен қатар шошқа шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Тайынша ауданында еліміздегі ең ірі «EMC Agro» шошқа кешені жұмыс істеп тұр.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында алты құрамажем зауыты табысты жұмыс істейді. Олар жыл сайын екі миллион тоннадан астам жем өнімін өндіреді. Саладағы ең ірі жобалардың бірі – жылына 750 мың тоннаға дейін астық өңдейтін Новоишим ұн комбинаты мен құрамажем зауыты. Мұнда өндірілетін жемдік ұн ішкі нарықта ғана сұранысқа ие болып қана қоймай, Қытайға да экспортталады.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
Кездесу барысында өңірдегі цифрлық экономиканы дамыту мәселелері де талқыланды. Бұл жөнінде Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысы Руслан Әлішев баян етті.
РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО ӘКІМІНІҢ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі ірі агроөнеркәсіптік өңір болғандықтан және халықтың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратындықтан, өңірде Digital Aimaq пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба ауыл тұрғындарының цифрлық технологияларға қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бағдарлама аясында IT-орталықтар тек аудан орталықтарында ғана емес, ауылдарда да ашылуда. Бүгінде өңірде үш ауылдық IT-орталық жұмыс істейді. Соның бірі – Қорнеевка ауылындағы орталық, ол еліміздегі алғашқы осындай жоба ретінде іске қосылған. Жыл соңына дейін желіні кеңейту жоспарланған. Тағы сегіз ауылдық және үш аудандық IT-орталық ашу көзделіп отыр.