Петропавлда ұры тастап кеткен жеті велосипед, иелеріне табысталды. Тәртіп сақшылары бірнеше ұрлыққа күдікті азаматты қолға түсірді.
Мамыр айының басынан полицияға Петропавл тұрғындарынан велосипед ұрлығы туралы арыздар түсе бастады. Ол негізінен түнгі уақытта көпқабатты үйлердің аулаларында жасалған. Жәбірленушілердің арасында жазғы демалыс қарсаңында балаларының велосипедтері қолды болған үш ата-ана да бар. Спорттық велосипед тебуді ұнататын тұрғындардың бірі, тіпті құны 1 миллион теңге тұратын «Compel» маркалы велосипедінен айырылған.
СНХР: Тілеміс Кәрімов, СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары
Жедел уәкілдер күдіктінің кім екенін тез анықтады. Ол — бұрын мүліктік қылмыстары үшін бірнеше рет сотталған облыс орталығының 36 жастағы тұрғыны болып шықты. Алайда оны ұстау оңайға соқпады, себебі ол тіркелген мекенжайында тұрмаған және қаңғыбас өмір салтын ұстанған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ер адам Аквапарк ауданында ұсталды. Қазіргі уақытта ол қамауға алынып , тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық істе қазіргі таңда 8 эпизод бар.
СНХР: Тілеміс Кәрімов, СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары
Күдікті ұрланған мүлікті сатып үлгермеген. Қазіргі уақытта полицейлер оның тастап кеткен 7 велосипедін тауып, тәркілді. Қылмыстық іс аяқталғаннан кейін олардың барлығы заңды иелеріне беріледі. Тәртіп сақшылары тұрғындарға велосипедтерін қылмыскерлердің оңай олжасына айналуы мүмкін жерлерде қалдырмауға және ұрлыққа қарсы құрылғыларды пайдалануға кеңес береді. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында велосипед ұрлығының 18 фактісі тіркеліп, оның 12-сі ашылды.