Еркін күрестен әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Ризабек Айтмұхан Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлде жергілікті күрес залының тәрбиеленушілеріне арнап шеберлік сағат өткізді.

Оның барысында Ризабек Айтмұхан жас спортшыларға күрестің техникалық элементтерінен мағлұматтар беріп, оның қыр-сыры жайында әңгімелеп, жарыстарда жас спортшылардың көп жіберетін қателіктерін талдады. Жас балуандар чемпионның жұмысын жақыннан көріп қана қоймай, өздерін мазалаған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Кездесуге аудан әкімі Мейрам Меңдібаев та қатысты. Құрмет белгісі ретінде балуан мен оның әкесіне дәстүрлі қазақы шапан жабылды. Сондай-ақ, аудан тұрғындары чемпионға асыл тұқымды сәйгүлік сыйлады. Айта кетейік, жақында Біріккен күрес әлемі нұсқасы бойынша Ризабек Айтмұхан мамыр айындағы үздік еркін күрес балуаны атанды. Қазақстандық спортшы бұл атаққа Вьетнамда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында 125 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алғаннан кейін лайық деп танылды.