«Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, облыс орталығында қалалық Әжелер кеңесінің ұйымдастыруымен «Әженің асыл сөзі мен ісі – өнеге» атты тағылымды байқау өтті. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен іс-шараға қаладағы 5 балабақшаның тәрбиеленушілері мен олардың әжелері қатысты.
Байқауда әжелер мен немерелерден құралған 5 топ бес кезең бойынша сынға түсті. Қатысушылар таныстыру, ұлттық тағам дайындау, салт-дәстүр көрсету, «Сыр сандық» және сұрақ-жауап кезеңдерінде өз өнерлері мен білімдерін ортаға салды. Әсіресе қазақы тәрбие, инабаттылық пен отбасылық құндылықтар кеңінен насихатталды.
СНХР: ГҮЛНӘР ЖАМАНБАЕВА, ӘЖЕЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
Қатысушылардың бірі Бағила Саткенова немересі Айыммен бірге бүгінгі байқауда бақ сынады. Олар қазылар алқасына қазақтың ұлттық тағамдарын таныстырып, салт-дәстүрлерді дәріптеді. Сонымен қатар әже қазақ қолөнерінің бір көрінісі – алаша тоқудың қыр-сырын көрсетіп, ұлттық мұраны кейінгі буынға жеткізудің маңызын атап өтті.
СНХ: БАҒИЛА САТКЕНОВА, ҚАТЫСУШЫ
Сайыс соңында барлық қатысушы әжелерге арнайы сыйлықтар табысталып, балаларға ұсақ моториканы дамытуға арналған танымдық портрет-жинақтар ұсынылды. Айта кетейік, бүгінде өңірде 62 әйелдер қоғамдық бірлестігі белсенді жұмыс атқаруда.