Былтырғы жылмен салыстырғанда облыс орталығында қылмыс деңгейінің төмендеуі байқалады. Нақтырақ айтқанда, жалпы тіркелген қылмыстар саны 17 пайызға азайған. Сондай-ақ қасақана адам өлтіру деректері 66 пайызға төмендеген. Дегенмен, ауыр дене жарақатын салу қылмыстары 26 пайызға артқан. Ал бұзақылық фактілері 35 пайызға азайып отыр. Өңірдегі құқықтық ахуал мен қоғамдық қауіпсіздікке қатысты және өзге де мәселелер құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыспен күрес тақырыбында өткен жиында кеңінен талқыланды. Іс-шараға Петропавл қаласы әкім Серік Мұхамедиев, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Қоғамдық тәртіп пен жеке басқа қол сұғуға қатысты құқық бұзушылықтар бойынша 2026 жылы 15 мың 620 құқық бұзушы есепке алынған. Оның ішінде ұсақ бұзақылық бойынша – 592, қоғамдық орындарда темекі шегу – 155, тыныштықты бұзу – 505, қоғамдық орындарда жанжал шығару – 1193, ал спирттік ішімдік ішу дерегі бойынша 1626 құқық бұзушылық тіркелген. Барлық фактілер бойынша құқықтық талаптарды бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тиісті баптар аясында жазаға тартылды. Оның ішінде 736 адам әкімшілік қамауға алынған. 

СНХ: СЕРІК ӘЛЖАНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ

Өткен кезеңде кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың, алкогольдік масаң күйде жасалған ауыр дене жарақаттарының, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жол-көлік оқиғаларының өсуі байқалған. Әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар алаңдаушылық туғызып отыр. Қала бойынша мұндай қылмыстар 76,5 пайызға өскен.

СНХ: АМАНЖОЛ ӘБУОВ, СҚО ПРОКУРАТУРАСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ

Жиын қорытындысында қатысушылар құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды арттыру және қаладағы қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қосымша шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.