Қызылжар аудандық мәдениет үйінде мерекелік іс-шара өтті. Бескөл ауылындағы «Мерей» өнер мектебі домбыра сыныбының оқытушысы, сонымен қатар, «Шашу» домбырашылар ансамблінің жетекшісі Берік Жанатовтың шығармашылық кеші ұйымдастырылды. «Өнермен өрнектелген 25 жыл» деп аталған салтанатты кеш кейіпкердің сахнадағы ширек ғасырлық еңбегіне арналған. Іс-шараға жиналған ауыл тұрғындары мен шәкірттер өнерпазға ыстық ықыластарын білдіріп, ерекше қолдау көрсетті.
Берік Жанатовтың Қызылжар ауданында мәдениет саласында еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп келе жатқанына тура 25 жыл толды. Бүгінгі шығармашылық кеш те оның сахнадағы ширек ғасырлық мерейтойына арналған. Салтанатты кешке өнерпаздың әріптестері, туған-туыстары, ұстаздары және ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Көрермендер жылы лебіздерін білдіріп, гүл шоқтарын ұсынып, өнер иесіне зор құрмет көрсетті.
СНХР: БЕРІК ЖАНАТОВ, «МЕРЕЙ» ӨНЕР МЕКТЕБІ ДОМБЫРА СЫНЫБЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ
Шығармашылық кеш шымылдығы қазақтың әйгілі композиторы Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйімен ашылды. Кеш барысында күмбірлеген күймен қатар, әуезді әндер шырқалып, бишілер де өз өнерлерін ұсынылды. Аталған мерекелік кешке шақырылған арнайы қонақтардың бірі – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстанның мәдениет қайраткері Тойкен Күдерова болды. Білікті ұстаз кеш иесінің еңбегін жоғары бағалап, өзінің жылы лебізін жеткізді.
СНХР: ТОЙКЕН КҮДЕРОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, БЕРІК ЖАНАТОВТЫҢ ҰСТАЗЫ
Тәжірибелі ұстаз бүгінде көптеген дарынды жастарды ұлттық аспапта ойнауға баулып келеді. Ол өзі жетекшілік ететін, «Халықтық» атағы бар «Шашу» домбырашылар ансамблімен бірге түрлі облыстық және халықаралық фестиваль-байқауларда топ жарып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Осындай жас таланттардың бірі – «Парасат» мектеп-лицейінің оқушысы Нұрислам Төлеген. Оның домбыра сыныбына қатысып жүргеніне 3 жыл болған.
СНХР: НҰРИСЛАМ ТӨЛЕГЕН, «ПАРАСАТ» МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ
Концерт барысында ұлттық өнерді ұлықтаған сан түрлі туындылар нақышына келтіріле орындалды. Осылайша, ұстаздың көпжылдық шығармашылық жолын қорытындылаған кеш көпшілікке ерекше әсер сыйлады.