Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясы биыл 60-шы маусымын қорытындыламақ. Жарты ғасырдан астам тарихы бар өнер ордасы бүгінде өңір мәдениетінің ірі орталығына айналған. Қазір ұжым маусым жабылуына арналған үлкен концертке дайындық үстінде.

Филармония сахнасында дәл қазір қызу репетиция. Эстрадалық-симфониялық оркестр, камералық хор мен хореографиялық ұжымдар көрерменге ерекше бағдарлама ұсынбақ. Биылғы маусым өнер ордасы үшін жаңашылдығымен есте қалды. Соның бірі – «Біржан-Сара» операсының қойылымы. Бұл – филармония тарихындағы алғашқы ауқымды жоба.

СНХР: БОТАГӨЗ АҚМАҒАМБЕТОВА, АҚАН СЕРІ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Филармонияның шығармашылық өмірінде ерекше орны бар өнер иесі – хор жетекшісі Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Юрий Колчин. Ол мәдениет саласында ұзақ жыл еңбек етіп, өңірдегі хор өнерінің дамуына үлес қосып келеді. Тәжірибелі маман бүгінде жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, кәсіби шеберлігін шыңдауға атсалысуда.

СНХР: ЮРИЙ КОЛЧИН, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРІ, ХОРМЕЙСТЕР

Өнер ордасында жас таланттарға да үлкен қолдау көрсетіледі. Солардың бірі – филармония солисі Бүркіт Жанай. Жас әнші республикалық деңгейдегі түрлі байқаулар мен шығармашылық жобаларға белсенді қатысып келеді. Атап айтқанда, «Шымкент сазы» республикалық эстрадалық ән байқауы, 9-республикалық «Жұлдыз-2026» эстрадалық әндер байқауы, «Интуиция» жобасы және өзге де өнер додаларында бақ сынап, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Оның айтуынша, сахнадағы әр концерт – үлкен тәжірибе мен көрермен сенімін ақтау.

СНХР: БҮРКІТ ЖАНАЙ, ФИЛАРМОНИЯ СОЛИСІ

Маусымның жабылу концерті 28-29 мамыр күндері өтеді. Гала-концертте филармонияның барлық шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, көрерменге маусымның үздік нөмірлерін ұсынбақ.