Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің музейіндегі жәдігерлерді 36 жыл ішінде 50 мыңнан астам адам келіп көрген. Бұл еліміздегі үздік ведомстволық мұражайлардың бірі. Өңірдің құқық қорғау органдарының шамамен 300 жылдық тарихын қамтитын музейде бүгінде 4 мыңнан астам құнды жәдігер сақтаулы. Халықаралық мүзейлер күні мұнда ашық есік күні өтті.
18 мамыр күні полиция департаментінің музейі Халықаралық музейлер күнін өзіне тән ерекше форматта атап өтті. Бұл күні келушілер үшін есігін айқара ашты. Бір күн ішінде мұнда педагогтер, студенттер, қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері, балаларымен келген отбасылар — барлығы 50-ден астам адам келді. Музей СҚО полиция департаменті жанында 1989 жылдан бері жұмыс істейді және Қазақстан Республикасы ІІМ жүйесіндегі үздік ведомстволық музейлердің бірі саналады. Төрт залда 4 мыңнан астам жәдігер қойылған. Атап айтқанда: құжаттар, марапаттар, қызметтік киім үлгілері, қызметкерлердің жеке заттары, түрлі кезеңдерге тиесілі қару түрлері. Экспозиция өңірдің құқық қорғау органдарының шамамен 300 жылдық тарихын қамтиды. Сонымен қатар мұнда арнайы қару-жарақ бөлмесі мен бай бейнеқоры бар кинозал жұмыс істейді. Алайда солтүстікқазақстандық полицейлер үшін бұл жер жай ғана архив емес. Дәл осы музейде патрульдік полиция батальонының сержанттары алғашқы офицерлік погондарын алған, қылмыстық іздестіру, тергеу қызметінің ардагерлерімен және интернационалист-жауынгерлермен «ерлік сабақтары» өткен.
СНХР: НИНА БЕНГРАФ – СҚО ПД МУЗЕЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
36 жыл ішінде музейге 50 мыңнан астам адам келген. Музейді ұзақ жылдар бойы қалыптастырып, толықтырған — отставкадағы полиция подполковнигі Любовь Осинская. Ол 2025 жылдың желтоқсанында құрметті демалысқа шықты. Бүгінде бұл істі қор сақтаушысы Нина Бенграф пен полиция қызметкері Меруерт Самаратова жалғастырып келеді. Музей есігі барша келушілер үшін ашық. Мекенжайы: Петропавл қаласы, Қазақстан Конституциясы көшесі, 70. Байланыс телефоны: 61-20-58.