Грант негізінде білім алып жатқан қазақстандық студенттер ресми жұмысы болмаса да ипотека рәсімдей алады. Мұндай мүмкіндік «Отбасы банкінің» мемлекеттік «Наурыз» бағдарламасы аясында ұсынылады. Негізгі талап – бір немесе екі кепілгердің болуы. Көбіне кепілгер ретінде ата-аналар қатысады, алайда басқа азаматтар да бола алады. Сонымен қатар, шәкіртақы ресми табыс ретінде есептеледі. Алайда расталған төлемдер болмаса, несие рәсімдеу мүмкін емес.
Ресми табысқа жалақы, кәсіпкерлік қызметтен түсетін пайда, жәрдемақылар және қызмет көрсету келісімшарттары бойынша төлемдер де кіреді. Ипотека мөлшерлемесі әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін жылдық 7 пайызды, ал қалған қатысушылар үшін 9 пайызды құрайды. Несие көлемі Астана мен Алматы қалалары үшін 36 миллион теңгеге дейін, ал еліміздің өзге өңірлері үшін 30 миллион теңгеге дейін беріледі. Тағы бір міндетті шарт – соңғы бес жыл ішінде қарыз алушы мен оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмауы тиіс. Бұл ретте ата-анасының баспанасы есепке алынбайды. Сонымен қатар, «Отбасы банкіндегі» депозитте кемінде екі миллион теңге болуы қажет. Жинақтау мерзімі маңызды емес – қажетті соманы өтінім берер алдында да салуға болады. Бағдарламаға сұраныс жоғары болғандықтан, қатысушылар балдық жүйе арқылы іріктеледі. Артықшылық жас отбасыларға, 35 жасқа дейінгі азаматтарға және әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға беріледі.
СНХР: ДАРИНА БАШЕНОВА – «ОТБАСЫ БАНК» АҚ СҚОФ МАМАНЫ