Биылғы жылдың 28 мамырынан бастап Петропавлда жылу желілерін жоспарлы гидравликалық сынақтан өткізу жұмыстары басталады. Екі апта бойы мамандар құбырларды жоғары қысыммен тексереді. Осыған байланысты қалада ыстық су беру уақытша тоқтатылады.

Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес, «Петропавл Жылу Желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылу желілерін жоспарлы гидравликалық сынақтан өткізуді бастайды. Басты міндет - жүйені келесі жылыту маусымына сапалы дайындау үшін құбырлар мен жабдықтардың әлсіз тұстарын анықтау. Желілер жұмыс істеп тұрған қысымнан 25 пайызға жоғары деңгейде және +40 градусқа дейінгі температурада тексеріледі. Шамамен екі аптаға созылатын жұмыстар кезеңінде Петропавл қаласында ыстық су беру уақытша тоқтатылады. Сынақ аяқталғаннан кейін тұтынушыларды кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жүргізілмек. Ал зақымдалған учаскелер жөндеу үшін желіден ажыратылады, бұл кейбір абоненттерге уақытша әсер етуі мүмкін. Тұрғындар ыстық судың қайта қосылу мерзімі туралы әлеуметтік желілер мен мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрағалары арқылы қосымша хабардар етіледі. Кәсіпорын өкілдері ықтимал төтенше жағдайларды жедел жою үшін барлық ресурс пен жұмыс күші дайын екенін атап өтті.