Солтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен балалардың үштен бірі — жаяу жүргіншілер. Жазғы демалыс қарсаңында полицейлер балалар арасындағы жол-көлік жарақаттарының алдын алу жұмыстарын күшейтті.

Облыстық прокуратура және білім беру органдарымен бірлесіп, әкімшілік полиция қызметкерлері Солтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театрында бастауыш сынып оқушыларына арналған танымдық шара өткізді. Оған Петропавл қаласындағы үш мектептің оқушылары қатысты.

СНХР: Бахтияр Дощанов — Петропавл қ. полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы

Қуыршақ театрының әртістері ұйымдастырушылардың профилактикалық түсіндіру жұмыстарын сахналық көріністермен толықтырды. Олар жолды белгіленбеген жерден кесіп өтудің, жол жиегінде ойнаудың және бағдаршам белгілерін елемеудің қаншалықты қауіпті екенін көрнекі түрде көрсетті.

Іс-шараға қатысушылардың бірі — адам өмірін құтқарғаны үшін «Ерлігі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталған патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Бахтияр Дощанов болды.

Сонымен қатар, балаларға тақырыптық мультфильмдер мен жол-көлік оқиғаларының нақты кадрлары көрсетіліп, жадынамалар таратылды. Негізгі мақсат — жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың маңызын түсіндіру.

Жыл басынан бері облыс жолдарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 27 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 бала қаза тауып, 29-ы жарақат алды. «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы құқықтық сананы жас кезден қалыптастыруды талап етеді. СҚО полицейлері жазғы демалыс кезінде әрбір баланың жолдағы қауіпсіздік ережелерін білуі үшін жүйелі түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.