Петропавлдағы 2-ЖЭО-да өңір журналистері үшін шығарындыларды автоматтандырылған бақылау жүйесінің жұмысына арналған баспасөз туры өтті. Бүгінде станцияның эмиссия көздерінің барлығы — түтін мұржалары мен Есіл өзеніне ағызылатын су арналары осындай жүйемен жабдықталған. Цифрлық бақылаудың арқасында мамандар кәсіпорынның экологиялық көрсеткіштерін нақты уақыт режимінде қадағалай алады.
Автоматтандырылған мониторинг жүйесі Петропавлдағы 2-ЖЭО-да бір жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Құрылғы тәулік бойы атмосфералық шығарындылар мен ағынды сулардағы ластаушы заттардың мөлшерін тіркеп, температура, қысым, газ-ауа қоспасының көлемі секілді техникалық параметрлерді бақылап отырады. Әр 20 минут сайын жүйе орташа көрсеткіштерді қалыптастырып, мәліметтерді қоршаған ортаның жай-күйі жөніндегі ұлттық деректер банкіне автоматты түрде жібереді. Мұнда адам факторы толығымен алынып тасталған — барлық ақпарат серверлерде архивтеліп, кемінде бес жыл сақталады.
СНХР: НИКОЛАЙ МАКСИМОВ, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бүгінде облысымызда экологиялық заңнамаға сәйкес автоматтандырылған мониторинг және эмиссияларды бақылау жүйелерін орнатуға міндетті бірінші санаттағы үш нысан жұмыс істейді. Кәсіпорындардан келіп түсетін барлық деректер уәкілетті органның жүйесіне тікелей жолданады. Соның арқасында мамандар көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде бақылап отыра алады.
СНХР: ДАМИР ЖҰМАБАЕВ, ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЗЕРТХАНАЛЫҚ-ТАЛДАМАЛЫҚ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Егер жүйе рұқсат етілген көрсеткіштердің артуын тіркесе, кәсіпорынға оның себептерін түсіндіру туралы хабарлама жолданады. Ал автоматтандырылған мониторинг жүйесі себепсіз өшірілген жағдайда, Экология департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізе алады. Мамандардың айтуынша, цифрлық мониторинг экологиялық бақылаудың ашықтығын арттырып, көрсеткіштердегі кез келген өзгеріске жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.