Жыл сайын 12 мамырда Халықаралық мейірбикелер мен мейіргерлер күні аталып өтіледі. Бұл – адам жанының арашасы болатын, еңбегі ерен жандардың кәсіби мерекесі. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде орта буын мамандарының рөлі артып келеді. Осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың бірі — облыстық көпбейінді балалар ауруханасының мейіргері Василий Трусов. Ол өзінің кәсіби міндетіне ғана адал болып қоймай, кішкентай бүлдіршіндердің жүрегіне жол таба білген білікті маман. 

Василий Трусов – облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау-диагностика бөліміндегі хирургиялық бейіндегі мейіргер. Оның бұл саладағы еңбек өтілі - 8 жыл. Мейіргердің ақ халаттылар сапына қосылуына отбасындағы жақындарының денсаулығы мен өзінің денсаулығына қатысты мәселелер түрткі болған. «Қажет кезде адамдарға көмек қолын соза білсем» деген ниеті оны бүгінде хирургиялық және травматологиялық көмекке мұқтаж кішкентай пациенттердің сенімді серігіне айналдырған.

СНХР: ВАСИЛИЙ ТРУСОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӨП БЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ МЕЙІРГЕРІ

Мереке қарсаңында облыстық көпбейінді балалар ауруханасында мейіргерлер арасында байқау ұйымдастырылды. Бүгінде аталған мекемеде 600-ден астам қызметкер жұмыс істесе, соның 200-ден астамы — орта буын мамандары. Сайысқа әр бөлімнен іріктелген 8 үміткер қатысты. Байқау: дефиле, сұхбат, шығармашылық кезең және кәсіби емтихан кезеңдерінен құралған. Сонымен қоса, іс-шарада Ермек Серкебаев атындағы колледж студенттері де өнер көрсетіп, көрерменге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.

СНХР: АЙДАР МҰСТАФИН, ОБЛЫСТЫҚ КӨП БЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Сайыс қорытындысы бойынша ең үздік деп танылғандар жүлделі 1, 2 және 3-орындарды иеленіп, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Мұндай іс-шаралар маман мәртебесін көтеріп қана қоймай, қызметкерлердің жұмысқа деген ынтасын арттырып, ұжымдық бірлікті нығайтуға бағытталған.