Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап- ғылыми кітапханасында «Кітапхана түні» өтті. Ауқымды іс-шарада оқырман мәдениеті мен заманауи технология ұштасып, жасанды интеллектке негізделген жобалар көпшілік назарына ұсынылды. 

Іс-шараға келушілер көптеп жиналып, кітапхана алаңы 25 түрлі тақырыптық алаңға бөлінді. Оның 9-ын аудандық кітапханалар дайындап, өздерінің тың жобаларын ұсынды. Солардың бірі — Ғабит Мүсірепов ауданы ұсынған театрландырылған қойылым. Онда аға буынға жасанды интеллектіні меңгеруді үйрететін көрініс сахналанып, арнайы постерлер ұсынылды.

СНХР: ГҮЛБАРШЫН ТОПИНА, КӨКАЛАЖАР АУЫЛЫНЫҢ КІТАПХАНАШЫСЫ, Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ АУДАН

Сонымен қатар, трансформерлер мен ерекше кейіпкерлер келушілердің назарын аударды. Ал, Шал ақын ауданы «Промт-оқырман залы: жасанды интеллект – қосалқы автор» жобасымен ерекшеленді. Онда еліміздің 25 қаламгері мен қоғам қайраткері туралы мәлімет ұсынатын интерактивті тақта мен виртуалды көзілдірік таныстырылып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Жалпы, «Кітапхана түні» келушілерге білім алудың жаңа форматтарын ұсынып, дәстүрлі кітапхана жұмысының заманауи технологиялармен сабақтаса дамып келе жатқанын көрсетті.