М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында танымдық конференция өтті. Іс - шараның негізгі мақсаты – студенттер мен оқытушылар арасында отандық әдебиетті насихаттау, рухани-мәдени құндылықтарды дәріптеу және көркем шығармаларды тереңірек талдауға баулу болды. Конференция барысында қатысушылар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» атты тарихи романын жан-жақты талқылады.

Кездесу барысында романның тарихи маңызы, ондағы көтерілген өзекті мәселелер, кейіпкерлер бейнесі мен ұлттық құндылықтарды сипаттау ерекшеліктері сөз болды. Қатысушылар шығарма арқылы қазақ халқының өткен тарихы мен тағдырлы кезеңдерін тереңірек түсінуге мүмкіндік алғандарын атап өтті.

СНХ: АЛЕКСАНДР ЗЕЛЬ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ «БОЛАШАҚ» ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ

Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы XX ғасырдағы шекаралық өзгерістер кезеңін бейнелейтін тарихи туынды. Онда тарихи отанынан алыста өмір сүрген қазақтардың өмірі мен тағдыры кеңінен көрініс табады. Шығармада ұлттық құндылықтар, тарихи жады және адам төзімділігі секілді маңызды тақырыптар қозғалып, сол дәуірдің күрделі ахуалы мен түрлі тағдыр иелерінің бейнесі шебер суреттелген.

СНХ: АЯУЛЫМ СҰЛТАН, ҚАТЫСУШЫ

Сондай-ақ, пікір алмасу барысында студенттер өз ойларын ортаға салып, романнан алған әсерлерімен бөлісті. Мұндай әдеби іс-шаралар жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың сыни ойлау қабілетін дамытуға және рухани дүниесін байытуға ықпал етеді.