23 сәуір күні елімізде Ұлттық кітап және кітапханашылар күні аталып өтеді. Осыған орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы базасында салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Цифрландыру жолы – 2026: кітапханалардағы жасанды интеллект – идеядан тәжірибеге дейін» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Мерекелік іс-шара кітапхана саласы қызметкерлерін ұлықтау рәсімінен басталды. Бұл – екі бірдей мерекені тоғыстырған, кәсіби қауымдастық пен кітапсүйер қауымды біріктіретін айрықша күн. Салтанатты жиын аясында сала мамандарының еңбегі еленіп, олардың рухани құндылықтарды дәріптеудегі рөлі ерекше атап өтілді.
СНХР: БЕЙБІТГҮЛ ӘБІЛМӘЖІНОВА, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Сонымен қатар, үздік кітапханашылар қажырлы еңбегі үшін арнайы алғыс хаттармен және төсбелгілермен марапатталып, кәсіби жетістіктері жоғары бағаланды. Марапатталған мамандардың қатарында Уәлиханов аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы Жанаргүл Мүшелбайқызы да бар. Ол бұл салада 22 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келеді.
СНХР: ЖАНАРГҮЛ МҮШЕЛБАЙҚЫЗЫ, УӘЛИХАНОВ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ КІТАПХАНАШЫСЫ
Салтанатты іс-шара 70-ке жуық маманды біріктірген ауқымды семинармен жалғасты. Бағдарлама аясында кітапхана қызметіне инновациялық шешімдерді енгізу мен жасанды интеллектіні қолданудың практикалық тетіктері қарастырылды. Бұл өз кезегінде кітапхана ісін заманауи талаптарға бейімдеп, оқырманға ұсынылатын қызмет сапасын көтеруге мүмкіндік береді.