Бүгінгі Ұлттық кітап күніне орай Петропавлдағы білім ошақтарында ұл-қыздар Мағжан өлеңдерін оқыды. Бұл айтулы іс-шарадан ақын есімін иеленген Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж де қалыс қалған жоқ. Оқу орнының студенттері жерлес ақиық ақынның отты жырларын тебірене оқыды.

Колледжде Мағжан өлеңдерінің біразын жатқа білетін ұл-қыздар жетерлік. Олар ақын рухын тек жырмен ғана емес, оның ағартушылық жолындағы еңбегін зерттеу арқылы да ұлықтап келеді. Себебі бұл білім ордасының іргетасы ұлы ұстаздың қолтаңбасымен тікелей байланысты.

ЕРКЕГҮЛ ҒАЛЫМЖАН, М.ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖДІҢ СТУДЕНТІ

Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылған бұл шара жастардың таным көкжиегін байқауға мүмкіндік берді. Болашақ педагогтарды даярлайтын оқу орнында көркем әдебиетке деген қызығушылық әрқашан жоғары. Өйткені өскелең ұрпаққа тәлім беретін маман иелері үшін кітаппен дос болу - басты талаптың бірі.

ЖАННА ЫСҚАҚОВА, М.ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ

Жалпы, айтулы жиынға колледждің барлық студенті біркісідей қатысып, ақын мұрасына зор құрмет көрсетті.