2025 және 2026 жылғы эпидемиялық маусымда өңірде жедел респираторлық вирустық инфекцияның 73 447 жағдайы тіркелді. Бұл өткен маусымның осы кезеңімен салыстырғанда 7,7%-ға төмен. Былтыр бұл көрсеткіш 79 636 жағдайды құраған. Сонымен қатар, аурушаңдықтың ең жоғары деңгейі 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген, бұл көрсеткіш 46 533 жағдайды құрап отыр.

Соңғы аптада ЖРВИ-дің 2115 жағдайы тіркелген. Сонымен қатар, эпидемиялық маусымда A(H3N2) тұмауының 221 жағдайы анықталған. Бұл тұмау түрі алғаш рет 2025 жылғы 7 қарашада тіркелді. Оның ішінде 89-ы балалар болса, 132-сі ересектер. Сонымен қоса, өңірде тұмауға жатпайтын вирустардың 102 жағдайы да анықталды. Атап айтқанда, риновирустар бойынша 61, бокавирустар- 10, аденовирустар - 4 және РС-вирус - 27 жағдай. Мамандардың айтуынша, ЖРВИ мен тұмаудың негізгі белгілері - жоғары температура, әлсіздік, тамақ ауруы мен мұрын бітелуі. Алғашқы белгілер байқалған жағдайда міндетті түрде дәрігерге жүгіну қажет. Аурудың алдын алу үшін үй-жайды желдету, қолды жиі жуу, антисептик қолдану және адамдар көп жиналатын орындарда сақтық шараларын сақтау ұсынылады.