Ж.Қизатов атындағы жоғары ауылшаруашылық колледжінде 15-16 сәуір аралығында өңіраралық «WorldSkills» кәсіби шеберлік чемпионаты өтуде. Ветеринария және Агрономия мамандықтары бойынша байқауға қатысуға Қазақстанның әр өңірінен 10 студент келген.
WorldSkills – бұл жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеруге және шеберлік дағдыларын дамытуға арналған халықаралық қозғалыс. Ол жастарды жұмысшы мамандығын игеруге баулиды. Жобаның мақсаты – кәсіптік бағдар беріп, кадрларды даярлау, сарапшылар қоғамдастығын құру және еңбек өнімділігін арттыру тетіктерін қоса алғанда, халықаралық стандарттарға негізделген техникалық мамандықтар бойынша жоғары технологиялық өндірістерді кадрлармен қамтамасыз ету.
АЯУЛЫМ АБЫЛХАЛИМОВА, Ж.ҚИЗАТОВ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Агрономия құзыреттілігі бойынша қатысушылар тұқымдардың орташа сынамасын арнайы бөлгіш құралда бөліп, кейін оны қоспалардан тазалығы мен натурасын анықтау үшін талдады. Ал ветеринария құзыреттілігінде студенттер циркумцизия өткізіп(қой піштіру), хирургиялық тігіс салу, майлар дайындау, паразиттерді анықтау бойынша сынға түсті. Қатысушылардың жұмысын тәжірибелі сарапшылардан құралған қазылар алқасы бағалады, оның құрамында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекциясының басшысы Ербатыр Мадияров та бар. Оның айтуынша мұндай байқаулар болашақ мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.
ЕРБАТЫР МАДИЯРОВ - ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ КОМИТЕТІНІҢ СҚО БОЙЫНША АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Чемпионатта ветеринария құзыреттілігі бойынша Жамбыл облысы, Тараз қаласынан келген Айбар Айбас бағын сынады. Ол мұнда жетекшісі, Жоғарғы Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің оқытушысы Қанатбек Қартабаевпен келген.
АЙБАР АЙБАС – ЧЕМПИОНАТҚА ҚАТЫСУШЫ
Екі күнге созылатын дода барысында қатысушылар өздерінің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби шеберліктерін көрсетті. Мұндай жарыстар жас мамандардың өз саласына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақтағы еңбек жолына сенімді қадам жасауына мүмкіндік береді.