Облыстық әкімдікте жаңа Конституция жобасын қабылдау бойынша республикалық референдумды өткізуге үлес қосқан өңір тұрғындарының еңбегі еленді. Салтанатты жиында білім беру, мәдениет, мемлекеттік қызмет және бизнес саласының өкілдері марапаттарға ие болды. Олардың барлығы түсіндіру жұмыстарына және жергілікті жерлерде дауыс беруді ұйымдастыруға белсене қатысты.

Петропавл қаласында ел тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға арналған кездесулер легі аясында салтанатты шара өтті. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосқан солтүстікқазақстандықтарға мемлекеттік марапаттар мен алғыс хаттар тапсырды.

СНХ: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

М. Қозыбаев атындағы СҚУ ректоры Ербол Исақаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ол бұл марапатты бүкіл жоғары оқу орны ұжымының – оқытушылардың, студенттер мен ғылыми қауымдастықтың ортақ еңбегінің жемісі деп біледі. Жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновацияны дамытуға – елдің тұрақты өсуі мен адами капиталды қалыптастырудың негізгі факторы ретінде ерекше мән берілген.

СНХ: ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ - М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚУ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ-РЕКТОР

Бұл күн «Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы Гүлбақша Мұсабаева үшін де айтулы оқиға болды. Ол да «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Референдумға дайындық кезеңінде ол халықпен белсенді жұмыс істеп, еңбек ұжымдарымен, жастармен және мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіп, Конституцияның негізгі ережелерін түсіндірді.

СНХ: ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА – «URPAQ» ҚАЗАҚ МӘДЕНИ-АҒАРТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ

Марапатталғандардың арасында мемлекеттік қызмет, ардагерлер ұйымдары және бизнес-қоғамдастық өкілдері бар. Олардың бірлескен жұмысы референдумды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуге мүмкіндік берді.