Петропавлда қазақ күресінен Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Есім Шайкиннің 100 жылдығына арналған ашық облыстық турнир өтті. Спорттық додаға өңірдің түкпір-түкпірінен келген балуандар қатысып, күш сынасты.

Есім Шайкин 1926 жылы Жамбыл ауданы Үлгі ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, 18 жасында майданға аттанған. Елге оралған соң да ұзақ жылдар адал еңбек етіп, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Аталған турнир «Қызмет» салалық кәсіподағының облыстық филиалының бастамасымен ұйымдастырылып, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Жамбыл, Шал ақын аудандары әкімдіктерінің қолдауымен өтуде.

СНХР: ҚАНАТ ОМАРОВ, СПОРТ АРДАГЕРІ

Турнирге облыс аудандары мен Петропавл қаласынан, сондай-ақ Көкшетаудан келген спортшылар қатысты. Балуандар 80 келіге дейінгі және одан жоғары салмақ дәрежелерінде күш сынасты. Бүгінгі боз кілемдегі белдесуде жерлесіміз тәжірибелі балуан Жандос Нұрбек өз шеберлігін тағы бір дәлелдеді. 74 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін спортшы қарсыласынан айласын асырып, алғашқы кездесуін сенімді жеңіспен аяқтады. Он жылдан астам уақытын қазақ күресіне арнаған ол бүгінде тек балуан ғана емес, жас буынға тәлім беріп жүрген жаттықтырушы.

СНХР: ЖАНДОС НҰРБЕК, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ, СҚО

Жарыс қортындысы бойынша жеңімпаздарға ақшалай сыйақылар мен дипломдар табысталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай турнирлер ұлттық спортты дамытуға және батырлардың есімін ұлықтауға үлкен үлес қосады.