Петропавл қаласындағы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Рамазан айына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Мұнда өңірдің бас имамы қасиетті айдың рухани маңызы мен оның адамды сабырлыққа, қайырымдылыққа тәрбиелейтін тағылымы жайында кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ораза ұстаудың негізгі қағидалары мен пітір садақаның берілу тәртібі түсіндірілді.

Биыл Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Наурыздың 16-сынан 17-сіне қараған түн – қасиетті Қадір түні, ал 20 наурыз күні Ораза айт мерекесі атап өтіледі. Қасиетті ай мұсылман қауымы үшін рухани жаңғыруға, сауапты амалдарды арттыруға және қайырымдылық жасауға берілген ерекше мүмкіндік саналады.

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, СҚО БАС ИМАМЫ

Пітір садақаның мөлшері жан басына шаққанда 735 теңге болып бекітілді. Бұл сома екі келі ұнның орташа нарықтық бағасына негізделіп есептелген. Пітір садақасын Рамазан айының алғашқы күнінен бастап Ораза айт намазына дейін беруге болады. Қайырымдылықты ресми мешіттер арқылы немесе нақты мұқтаж жандарға тікелей табыстау ұсынылады.

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, СҚО БАС ИМАМЫ

Имамдар жамағатты қасиетті айды барынша пайдалы өткізіп, ізгі амалдарды көбейтуге шақырды. Рамазан - рухани тазару мен мейірім айы, сондықтан әрбір игі іс қоғамдағы бірлік пен қайырымдылықты арттыруға сеп болмақ.