Өңірде қауіпті кезең басталғалы бері мамандар аумақтарды әуеден тұрақты түрде бақылауда ұстап келеді. Дрондардың көмегімен төтенше жағдайлар қызметі кең аумақтарды жедел шолып, өрт шығу қаупі жоғары нүктелерді ертерек анықтай алады. Жиналған бейнематериалдар мен мәліметтер нақты уақыт режимінде орталыққа жолданып, жедел шешім қабылдауға жағдай жасайды.
Мамандардың айтуынша, дрондар орман алқаптарын, ашық дала мен елді мекен маңындағы аумақтарды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді. Әсіресе, адам баруы қиын немесе қолжетімсіз жерлерді әуеден шолып шығу арқылы өрт ошақтарын ерте анықтауға болады. Ұшқышсыз аппараттар арқылы түтіннің шығу көздері, жалынның таралу бағыты және өрттің ауқымы жедел бақыланады.
СНХ: НИКИТА МАРХАЛЮК, СҚО ТЖД БАС МАМАНЫ
Өңір аумағында өрт қаупі жоғары маусым басталды. Қазіргі таңда облыс аумағында табиғи өрттер тіркелмеген. Дегенмен елді мекендерде құрғақ шөп пен қамыстың жануына байланысты 50-ден астам жағдай орын алып, жалпы жану аумағы шамамен 20 гектарды құрады. Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғалардың басты себебі – тұрғындардың отпен абайсыз жұмыс істеуі.
СНХ: АЯН ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Өрт қауіпті кезеңге дайындық аясында елді мекендерде құрғақ өсімдіктер мен қамысты шабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2025 жылдың қараша айынан бері облыс бойынша 163 гектар аумақта тазарту жұмыстары атқарылды. Мамандардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады және ерекше бақылауда болады. Құтқару қызметтері тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.