Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан жауынгерлері жыл басынан бері 10 мыңға жуық құқықбұзушыны ұстаған. Әскери қызметшілердің көмегімен заңсыз айналымнан 173 дана суық және атыс қаруы, сондай-ақ оқ-дәрі, сонымен қатар, 828 грамм есірткі заты тәркіленген.

Ұлттық ұлан жауынгерлерінің жедел әрекетінің арқасында 73 жоғалған бала табылып, ата-анасына қайтарылды. Олар 24 өрт оқиғасына қатысып, адамдарды құтқаруға атсалысқан. Алты ай ішінде 32 адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Заңсыз заттарды түрмеге жеткізуге бағытталған 77 әрекеттің жолы кесілген. Гвардия сарбаздары 343 мәдени-көпшілік және спорттық іс-шарада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылып, 35 іздестіру жұмысына қатысқан. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде көрсеткен ерлігі, батылдығы және әскери борышын адал атқарғаны үшін республика бойынша 190 әскери қызметші марапатталды.

Айта кетейік, еліміздің 21 қаласында полиция қызметкерлерімен бірге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарына күн сайын 8 мыңнан астам гвардия қызметкері тартылады.