Өңір басшысы жұмыс сапарымен Тайынша ауданында болды. Мұнда Ғауез Торсанұлы шошқа кешенінің жұмысымен танысты, әлеуметтік маңызы бар жаңа нысандарды аралады. Сапар соңында облыс әкімі «BioOperations» серіктестігінің бидай өңдеу зауытында инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында өңірге инвестиция тарту мәселелері талқыланды.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Тайынша ауданында болды. Аймақ басшысы Новоивановка ауылындағы шошқа кешенінің жұмысымен танысты. Бұл жерде 2018 жылдан бастап шошқаның түр-түрі өсіріледі және салқындатылған ет өндіріледі. Кәсіпорындағы төртаяқтының саны 100 мыңға жуықтаған. Бүгінде кешенді екі есе көп жануар сиятындай етіп кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс 97 пайызға аяқталды, жақында таспасы қиылмақ.


Құрылыс және монтаж жұмыстарына - 15 млрд, ал шошқа сатып алуға 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция бағытталған. Мұндай ферма Қазақстанның бірде-бір аймағында жоқ. Енді мұнда ғылыми зерттеулермен айналысатын генетикалық орталық ашу жоспарланып отыр.


Тайынша қаласында ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі жобалар қаралды. Қазір бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде 14 мың халқы бар 6 ауылға тіршілік көзі жетеді. Бас мердігер - «АСКАДИ» серіктестігі. Негізгі жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.


Атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов есеп берді. Ол мердігерлік ұйымдар қателіктерге жол бергенін де айтты.


Облыс әкімі сумен қамту жоспарланған әрбір ауылдың мердігерлерімен және техникалық қадағалау мамандарымен әңгімелесті. Аймақ басшысы барлық жұмысты сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды.


Өңір басшысы Тайынша қаласының әлеуметтік тұрғыда маңызды жаңа нысандарын да аралады. Отбасын қолдау орталығында адамдар психологиялық, заңгерлік, әлеуметтік көмек алып, жұмысқа орналасу мәселелерін шеше алады. Мекеме үшін жаңа автокөлік сатып алынған.


Заманауи спорт кешенінің ашылуы - ауыл тұрғындары үшін маңызды оқиға. Ол жеке инвестициялар есебінен салынды. Шамамен 380 млн теңге бағытталды. Ересектер де, балалар да жаттығу залында күреспен және бокспен айналысатын болады. Әкім жас спортшылармен әңгімелесті.


Жобаны Ерік Балапанов бастаған «ҚазФудӨнім» холдингі іске асырды. Кәсіпкер мемлекет пен жеке сектор арасындағы тиімді байланыстың үлгісін көрсетіп отыр.



СНХ:ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі


СНХ:РҮСТЕМ ЗӘКІРОВ, бокс жаттықтырушысы


Сапар соңында аймақ басшысы «BioOperations» серіктестігінің бидай өңдеу зауыты алаңында инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында ынтымақтастық пен өңірге инвестиция тарту мәселелері талқыланды.