Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі аңшылық маусымы ресми түрде 26 сәуірде ашылып, 9 мамыр-ға дейін жалғасады. Бұл кезеңде аңшыларға тек аталық үйрек пен құрдың аталығын аулауға рұқсат берілген. Ал өзге жабайы жануарларға тыйым салынады. Мамандардың айтуынша, аңшылыққа шығу үшін барлық қажетті құжаттар толық болуы тиіс. Яғни, аңшы куәлігі, қаруды алып жүруге рұқсат, арнайы жолдама және аң аулауға рұқсат қағазы міндетті түрде болуы шарт.

Аңшылық ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Ең төменгі айыппұл – 5 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), бұл 21 мың теңгеден асады. Заңсыз аң аулаған немесе рұқсатсыз әрекет еткен жағдайда келтірілген шығын өтеледі. Ол бір үйрек үшін – 24 мың теңгеден астам, ал елік үшін – бір жарым миллион теңгеден жоғары. Биыл облыс бойынша шамамен 2 мың үйрек және 600-ге жуық құрды атуға рұқсат етілген. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, аңшылар үшін қосымша талаптар да бар.

СНХР: ОЛЕГ БЕСПАЛОВ, СҚО ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ