Солтүстік Қазақстан облысында 124 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Бұл – үздік білім мен табандылықтың айғағы. Биыл өңір бойынша 3600 оқушы мектеппен қоштасты. Олар — үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жас түлектер.
Алтын белгі иегерлері — әр мектептің үмітін ақтаған үздіктер. Жыл бойғы еңбектің нәтижесінде бұл мәртебеге 124 түлек ие болды. Салтанатты іс-шарада өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов оқушыларғв сәт-сапар тілеп, болашаққа батыл қадам жасауға шақырды.
Ол өз сөзінде жастардың білім мен ғылымға деген ұмтылысы — ел болашағының кепілі екенін атап өтті.
СНХР: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің түлегі Аружан Елеуке — биылғы үздіктердің бірі. Ол — «Алтын белгі» иегері. 11 жыл бойы алған білімін тиянақты меңгеріп, табандылық таныта білген жас түлек бүгін еңбегінің жемісін көріп отыр. Аружан болашағын менеджмент және басқару саласымен байланыстырады. Кәсіби маман болып, ел дамуына үлес қосуды армандайды.
СНХР: АРУЖАН ЕЛЕУКЕ, «АЛТЫН БЕЛГІ» ИЕГЕРІ
Нұрай Аюпова - Аққайың ауданы Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінің түлегі. Үздік оқумен ерекшеленген Нұрай болашағын білім беру саласымен байланыстырмақшы. Ол математика пәнінің мұғалімі болуды мақсат етеді.
СНХР: НҰРАЙ АЮПОВА, «АЛТЫН БЕЛГІ» ИЕГЕРІ
Мектеп бітіруші түлектерді құттықтауға ата-аналары мен ұстаздар арнайы келді. Балаларының осындай белеске жеткеніне ата-аналар қуанышты. Олар бүгінгі күннің басты кейіпкерлерін құттықтап, естелікке суретке түсіп, жүрекжарды тілектерін білдірді.
Айта кету керек, өткен жылы өңірде 84 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған еді. Биыл бұл көрсеткіш өсіп, үздік атанған түлектер саны артты. Бұл — білім сапасының артып келе жатқанын көрсетеді.