Наурыз – Көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, ол ең көне мерекелердің бірі болып саналады. Ұлыстың ұлы күнін Петропавл тұрғындары мен қонақтары Басты алаңда сән-салтанатымен атап өтті.
Мерекелік іс-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, алаңда тігілген киіз үйлерді аралап көрді. Олардың ішінде түрлі тақырыптарды қамтитын көрмелер қанат жайған. Сондай-ақ, жиналғандар қазақ жігіттерінің қайрат-күшін сынайтын ұлттық ойын жілік сындыруға куә болды.
Басты алаңда мерекелік концертпен қатар, халқымыздың салт-дәстүрлерінен де үзінді көрсетіліп, қойылымдар қойылды. Соның бірі – «баланы ашамайға мінгізу». Яғни, қазақ халқы кішкентай баланың сана-сезімі жетіліп, 6-7 жасқа толған кезінде оған жеке тай атап, ерттеп мінгізіп жүргізеді. Бұл - «сен азамат болдың» деп сенім арту белгісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Құрылтайда «ұлтты нығайту жолында мәдениетіміздегі Наурыз мейрамының орны бөлек» деп атап өтті. Соңғы жылдары бұл мереке елімізде жоғары деңгейде және жаңа форматта өткізіп келеді. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов солтүстікқазақстандықтарды жаңару мен жаңғырудың символы, ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
СНХ: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Айта кетейік, елімізде Наурыз мерекесін лайықты атап өту мақсатында «Наурызнама онкүндігі» жарияланды. Оның әр күні белгілі бір тақырыпқа арналды. С. Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының әртістері ортада «Көрісу» дәстүрінен көрініс қойып, «сақина салу, арқан тартыс» секілді ұлттық ойындарды ойнады.
2025 жылы - Жұмысшы мамандықтар жылы. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттайды. Сондықтан, облыс орталығында «Еңбек ер атандырады» атты интерактивті алаңы да қанат жайды. Мұнда кірпіш қалау, ерітіндіні езу секілді түрлі жұмыстар бойынша шеберлік сағаттары өткізілді. Сондай-ақ, құрал-жабдықтардан құралған көрме қойылды.
СТЕНДАП: АСНУРИЯ АБДУЛА, ТІЛШІ:
- Бүгін наурызнама онкүндігі аясындағы - Ынтымақ күні. Бұл – ата- баба өнегесін, бірлік пен достықтың маңыздылығын еске салады. Басты алаңға жиналған жұрт бір біріне құт береке, бақ пен қуаныш тіледі.
Онкүнге созылған «Наурызнама» аясында облыста 700-ден астам маңызды іс-шаралар ұйымдастырылған. Айта кетейік, 23 наурыз – Тазару күні деп бекітілген. Сондықтан, ол күні еліміз бойынша «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өткізілетін болады.