Халықаралық нан күні
16 қазан – Халықаралық нан күні. Астықты өлке саналатын Солтүстік Қазақстан облысы үшін бұл күннің мәні ерекше. Өңіріміз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қомақты үлес қосып келеді.
Облыста орақ науқаны аяқталып келеді. Биыл да диқандарымыз еселі еңбектің жемісін көріп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Өңір бойынша дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 17 центнерді құрады. Бұл – еліміздің негізгі астықты өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Осынау жетістіктердің артында мыңдаған ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі, кәсіби шеберлігі мен табандылығы тұр. Нан – қай заманда да тіршіліктің нәрі, береке мен молшылықтың, ырыс пен ынтымақтың символы. Әрбір алтын дәнде туған жерге деген сүйіспеншілік, адал еңбек пен маңдай тердің табы жатыр. Облыс әкімі солтүстікқазақстандықтарды Халықаралық нан күнімен құттықтап, жердің берекесін арттырып, ел ырысын еселеп жүрген барша еңбек адамдарына шынайы алғысын білдірді.