Негізгі Жаңалықтар Облыстық мәслихаттың VIII шақырылымының қызметі қорытындыланды

Облыстық мәслихаттың VIII шақырылымының қызметі қорытындыланды

Петропавлда сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттарының жұмысы қорытындыланды. Халық қалаулылары жылдар бойы өңір бюджетін бөлу, ауылдық аумақтарды өркендету, аграрлық секторды қолдау және тұрғындардың арыз-шағымдарын шешу сияқты өңір үшін маңызды мәселелермен айналысты. Жиында облыстың дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп тікелей үлес қосқан депутаттардың еңбегі жоғары бағаланды.

Депутаттардың бұл кезеңдегі жұмысы ауқымды болды. Өңірдің кезек күттірмес қажеттіліктеріне қаржы бағыттаудан бастап, жергілікті жердегі бастамаларға қолдау көрсетуге дейінгі мәселелер шешімін тапты. Бұл ретте облыс әкімдігімен тығыз байланыс орнату басты рөл атқарды. Ортақ мәселелерді бірлесе талқылап, ұсыныстарды қарастыру өңір дамуының басым бағыттарын дұрыс айқындауға мүмкіндік берді. Шақырылым қорытындысын шығарған өңір басшысы халық қалаулыларының атқарған жұмысына және тұрғындарды толғандырған өзекті түйткілдерді шешуге қосқан үлесіне ерекше тоқталды.

СНХР: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Мәслихат жұмысы тек кабинеттегі отырыстар мен құжаттарды талқылаумен шектелген жоқ. Халық қалаулылары тұрғындармен жүздесіп, олардың өтініштерін тыңдады. Сондай-ақ абаттандыру, жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығын қолдау мәселелерін билік назарына ұсынды. Атқарушы органмен тығыз байланыс өңірдегі түйткілдерді бірлесе шешуге жол ашты. Енді қазіргі шақырылымның өкілеттігі аяқталып, алда өкілді органды жаңартуға дайындық жұмыстары басталады.

СНХР: ВЛАДИМИР БУБЕНКО, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ЭКС ТӨРАҒАСЫ

Кездесу депутаттарды атқарған ерен еңбегі үшін марапаттаумен аяқталды. Оларға Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамоталары және өңірдің 90 жылдығына арналған арнайы кітаптар табысталды. Сондай-ақ жаңа республикалық институттар Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына енген жерлестеріміз ерекше аталды. Алда мәслихаттың жаңа құрамы мен жаңа міндеттер тұр. 

Бөлісу