Минаралды тыңайтқыштар мен сапалы техниканы қолдану, жерге немқұрайлы қарамау, ауылдағы ағайынның өмір сүру деңгейін жақсарту. Ауыл шаруашылығы басқармасының алқа отырысында алдағы егіс науқанына дайындық талқыланды. Оған өңірдің барлық шаруашылық басшылары қатысты. Әріптесім толықтырсын.

Облыста егіс алқабы 4 миллион 300 мың гектарды құрайды. Оның 70% дәнді және бұршақты дақылдар егіедлі. Өткен жылы аграрийлер гектарынан орташа есеппен 12 центнерден өнім жинаған. Ал кей диқандар өте төмен астық алған. Облыс әкімі жұмысын жүйелі атқармаған шаруалардан жерді қайтарып алу керектігін айтты.

 ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Бір жарым жылдың ішінде жұмыс атқарылмаса, жерді қайтарып аламыз. Бұл норма жуырда күшіне енеді. Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды.

Жерден айырылып қалмау үшін машина-трактор паркін уақытында жаңартып отырған жөн. Айта кетейік, биыл облыс шаруалары 2213 техника  170 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алмақ.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Жоғары сапалы тұқым өндіру үшін «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС өткен жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын өндіретін зауыттың құрылысын аяқтады. Онда жылына 60 мың тонна тұқым дайындалады. Бұл кәсіпорын республикада теңдесіз саналады. Жобаның құны 1 млрд.теңге.  Бұл өз кезегінде алынатын өнімнің сапасына әсер етеді.

Соңғы 2 жылдағы құрғақшылық өнімділік көрсеткіштеріне кері әсерін тигізді. Биыл диқандар көктемгі егіс науқанына сақадай сай дайын болу керек. Синоптиктердің болжамынша биыл қар аз. Сондықтан қазірден бастап қар тоқтату жұмыстарын жүргізу қажет.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

«Егіс науқаны алдында кем дегенде қардың қалыңдығы  150 миллиметр қажет екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан ылғалдың сақталуы және бүгін айтқан барлық ауылшаруашылық техникалары сатып алынуы керек. Сондай-ақ, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін минералды тыңайтқыштарды әзірлеу қажет.»

Аграрийлер үшін тағы бір өзекті мәселе – ауыл шаруашылығы саласындағы мамандардың жетіспеушілігі. Өңірде жастарды дайындайтын оқу орындары бар екеніне қарамастан, көптеген кәсіпорын басшылары олардың жетіспеушілігіне шағымданды. Бұл мәселенің шешімі жоқ емес, бар.

АНАТОЛИЙ РАФАЛЬСКИЙ, «СК АГРО – 2050» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

«Тайынша Астық» серіктестігінде кадр мәселесі болған кезде мен мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түскен жастардың 5 жылдық оқу ақысын төледім. Содан кейін келісім бойынша олар ауылға келіп, 5 жыл жұмыс істеуге мәжбүр болды. Мен неге осы мерзімді алдым? Себебі азамат осы уақыт аралығында үйленеді, балалы-шағалы болады. Сосын елді мекенде қалады.»

Алқа отырысында Құмар Ақсақалов әлеуметтік саланы дамытуға ерекше назар аударды. Оның айтуына қарағанда әкімдікке өтініштердің 32%-ы ауыл тұрғындарынан келіп түседі. Себебі, жергілікті кәсіпкерлер елді мекенге тиісті дәрежеде көңіл бөлмейді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-  «Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер ауылды дамытуға тиісті көңіл бөлмейді. Ал мемлекет миллиардтаған субсидия бөледі. Бірақ, одан ешқандай қайтарым жоқ. Сіз жердің иесі екеніңізді көрсетуіңіз керек. Яғни, тұрғындарға көмек көрсетіп, әлеуметтік саланы дамытуға бар күшіңізді салуыңыз қажет.»

Облыс әкімінің айтуынша серіктестік құрылтайшылары жыл сайын қаржылық есептілікті бекітуге арналған жиналыстар өткізуі тиіс. Оған барлық мүдделі тұлғалары қатысуы керек.Мұндай норма заңда көрсетілген. Бірақ, іс жүзінде олай емес. Құмар Ақсақалов шауараларға осы бағыттағы жұмысты да күшейтуді тапсырды. Егер кәсіпкерлер оған алдағы уақытта да немқұрайлы қараса әкімішілік жауапкершілікке тартылады.