Тасқынға дайындық бойынша аймақтық кеңестер жалғасып жатыр. Бұл жолы жиналыс Новоишимское ауылында өтіп, оған Мүсірепов, Айыртау, Тимирязев және Шал ақын аудандарының әкімдері мен жауапты органдардың басшылары қатысты. Инвестжобалардың жүзеге асуы да назардан тыс қалмады. Новоишимское ауылында 3,2 млрд теңгеге жарма мен үлпек өндіретін зауыт салынып жатыр. Бұдан бөлек, ауданда 4,2 млрд теңгенің құрама жем зауыты ашылады. Бұл кәсіпорындар өңір экономикасын әртараптандыруға және жаңа нарықтық бағыттарды игеруге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ғ.Мүсірепов ауданында іс сапармен болды. Аймақ басшысы алдымен мамандандырылған техниканың тасқын кезеңіне дайындығымен танысты. Әзірлік жұмысына көңіл толады. Аудан әкімі Руслан Анбаев су басуға бейім учаскелер туралы және ықтимал апаттың алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатқандығы туралы баян етті.

Аудан арқылы көктем сайын буырқанатын ерке Есіл өзені өтеді. Оның бойында су басуы мүмкін 13 елді мекен бар.

Көпшілік назарына 54 техника қойылды. Бұл тиегіштер, экскаваторлар, КАМАЗдар, жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктері және т.б. Мұнда былтырғы көктемде жұмылдырылған мамандандырылған жасақтар да жиналды. Қажеттілік туындаса олар биыл да тер төкпек. Медициналық көмек, қозғалысты қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіп, апаттық-қалпына келтіру жұмыстары, тамақтану орындары. Танысу барысында осының бәріне назар аударылды.

Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің тапсырмасымен аудан әкімдігі сағаттық қуаттылығы 160 текше метр болатын 20 су сору техникасын сатып алған.

Сондай-ақ, коммуналдық кәсіпорын жаңа жүк тиегіш техника сатып алды.

Аймақ басшысы барлық бөлімшелерге техниканы даяр күйде ұстау және жылдам жөндеу, су көп келген жағдайда халықтың қауіпсіздігін жедел түрде қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді.

Осыдан кейін облыс әкімі аудан орталығындағы құрама жем зауытының құрылысымен танысты. Жобаның құны - 4,1 млрд теңге, ал қуаттылығы жылына - 720 мың тонна. Барлық негізгі жұмыстарды ағымдағы жылдың маусым айында аяқтау жоспарланған. Мұнда ұн мен мал азығы өндірілмек. 150 адам еңбекпен қамтылады. Өндіріс орнының басқалардан айырмашылығы туралы иелік ететін серіктестіктің атқарушы директоры айтып берді.

Ал «Қазақстан Бидайы» серіктестігі болашақта 24 адам жұмыс істейтін жарма мен үлпек шығаратын зауыт құрылысымен айналысуда. Оның жылдық қуаты 24 мың тоннаны құрамақ. Жоба 2025 жылдың қыркүйегінде мәресіне жетуі тиіс. Айта кетейік, іс тек кәсіпорын қаражатына жүргізілуде. Жабдықтар Украинадан сатып алынды. Жақын арада коммуналдық мекемелер су мен электр желілер өткізеді.

Одан кейін облыс әкімі Новоишимское ауылында Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, Тимирязев және Айыртау аудандарының басшыларының, сондай-ақ, аумақтық және облыстық мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді.

ҚЫМБАТ МЕРҒАЛЫМОВА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директоры:

- Айыртау, Ғ. Мүсірепов және Шал ақын аудандарына төнер қауіп бар. Есіл өзені, оған құятын шағын өзендер, толып тұрған көлдер арнасынан асуы мүмкін. Еріген қару суын да есепке аламыз. Ал Тимирязев ауданының аумағында тек қарғын су әлекке салуы ықтимал. Оның бір бөлігі Қостанай облысынан келеді.

Жиында өңір аумағындағы ағымдағы жағдайды СҚО ТЖ департаментінің бастығы Жомарт Асқаров баяндады. Бүгінгі таңда аймақта елді мекендерден қар шығару жұмыстары жалғасуда. Бас құтқарушы аталған алдын алу шарасы кейбір аудандарда сапасыз жүргізіліп жатқанын айтты. Сөзінше, жергілікті билік тек аудан орталықтарына мән беруде.

ЖОМАРТ АСҚАРОВ, СҚО ТЖД бастығы:

- Бүгінгі таңда облыс бойынша 700 мың текше метр қар шығарылды. Осы орайда айта кету қажет, Тимирязев пен Айыртау аудандарында жұмыс сылбыр жүргізіліп жатыр. Басымдық тек аудан орталықтарына берілген. Мұны біз мониторинг арқылы анықтап отырмыз. Ал қалған екі аудандағы жұмысқа көңіл толады.

Наурыз айында су өтетін арналар мен құбырларды тазарту жоспарланған. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 1 жарым мың тонна инертті материал мен 2 мың дана қап дайындапты.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Маңызды жұмысқа 95 техника жұмылдырылған. Одан бөлек, механикаландырылған бригада мен 37 техника бар. Қауіпті жағдай туындаса аудандарға экскаваторлар, тиегіштер жіберіледі.

Одан кейін аймақ басшысы 4 аудан әкімінің баяндамасын тыңдады. Олардың айтуынша, жергілікті жерлерде су тасқынына қарсы іс-шаралар белсенді жүргізілуде: техника дайындалуды, қар шығарылуда, инертті материал да әзірленуде және өзен-көлдерде жарылыс жұмыстары қол алынуда. Облыс әкімі кейбір кемшіліктерді жіпке тізді. Мысалы, Айыртау ауданында ақ ұлпаны шығару тек наурыз айына жоспарланған, алайда маңызды шара өңір жетекшісінің тапсырмасы бойынша 1 наурызға дейін аяқталуы тиіс. Ғауез Нұрмұхамбетов іс насырға шаппас үшін қажетті жұмыстарды сағызша созбай жүргізуді тапсырды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Алдын ала жоспарлау керек. Малды су жетпейтін биік жерге көшірген жөн. Кейбір адамдар ауруханада ем алуы тиіс. Бұл жандарға ертерек ем-дом жүргізуді сұраймын. Қар шығару жұмыстарын жалғастырып, тасқынға тыңғылықты дайындалу қажет. Жауын-шашын еріген қар суына қосылады, елді мекендерге келеді. Осының барлығын назарға алған жөн.

Ғ.Мүсірепов ауданында барлығы - 60 ауыл бар, олардың бірқатары өзен-көлдердің бойында орналасқан.