Петропавлда балаларға қаржылық сауаттылық негіздері үйретілуде. Оқушылар сарайында ашылған «бизнес-мектеп» үйірмесінде олар кәсіпкерлікке алғашқы қадам жасап, ақшаны дұрыс жарату тәсілдерін меңгереді. Сабақ барысында балалар қаржылық ресурстарды тиімді пайдалануды, табысты кәсіп бастаудың жолдарын үйреніп, өз идеяларын жүзеге асырмақ.

Бизнес-мектеп теориялық негіздерге сүйене отырып құрылған. Балалар қаржылық жоспарлаудың негіздерін оқып, нарықты, маркетингті, сатылымды талдайды және бизнес-жоспар құрады.

ЖАН ШӘРІПОВ, ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

- Бүгінде балаларды бизнес және өз бетінше табыс әкелетін кәсіп түрлері қызықтырады. Сабақ барысында олар қаржы саласын меңгеруге, командамен жұмыс істеуге және серіктестік байланыстар орнатуға тырысады. Сонымен қатар, олардың өз бетінше шешім қабылдау дағдыларын да дамытамыз.

Мұндай жобалар балалардың креативті ойлауын, кәсіпкерлік қабілетін және қаржылық сауаттылығын арттырады.

ДАРЬЯ ЖЕСТКОВА, ОҚУШЫ:

- Бизнес-мектеп үйірмесі бізге жеке және кәсіби ДАҒДЫЛАРЫМЫЗДЫ дамытуға көмектеседі, болашақта бизнес саласында да, басқа бағыттарда да оны тиімді пайдалануға болады. Мысалы, біз арнайы бизнес-жоспарлар құруды, нарықтың, бәсекелестердің және әлеуетті клиенттердің қажеттіліктерін бағалауды үйренеміз.

Балаларға арналған бизнес-мектеп – бұл болашаққа жасалған инвестиция. Ол тек кәсіпке баулып қана қоймай, қаржылық сауатты ұрпақ қалыптастыруға бағытталған.