Мағжан Жұмабаев ауданында полицияның халық алдындағы есептік кездесуі өтті. Ведомство бастығы Айдын Қабдұлдинов атқарылған жұмыстан хабардар етіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Есеп беру кездесуі аудан орталығы Булаево қаласындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Рахат Смағұловтың қатысуымен өтті. Облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, мопедтерді тіркеуге қатысты заңнамадағы өзгерістер туралы айтты.
АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ — СҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
- Ну, если простыми словами сказать. Раньше за это правонарушение мы привлекали этих людей к административной ответственности. Но с 2024 г., теперь, если эти же агрессоры будут применять насилие в отношении женщин и детей, то они будут привлекаться к уголовной ответственности.
Бұрын қылмыстың бұл түрі бойынша әкімшілік жауапкершілік болатын. 2024 жылдан бастап өзгеріс енді, әйелдер мен балалардың зорлық-зомбылығы үшін қылмыстық жауапкершілік жүктеледі.
Ауылдықтар мопедтерді тіркеуге қатысты сұрақтарын қойды. Аудан полицейлері 18 қаңтардан бастап 22 мопедті тексеріп, оның жиырмасын тіркеген. Бұл туралы аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамов өз баяндамасында хабарлады.
АСАН МЕЙРАМОВ — М.ЖҰМАБАЕВ АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
- Сондай-ақ, ауданда кісі өлтіру – 50% – ға қысқарып, жасалған қылмыстар 100% ашылды. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру, мал ұрлығы-66,7% - ға, алаяқтық-21,7% - ға, оның ішінде интернет алаяқтық-14,3% - ға қысқарып отыр.
Қауіпсіздікті күшейту үшін бейнебақылау жүйесі дамытылады. Қазір ауданда 94 көше камерасы жұмыс істейді, оның 78–і Булаево қаласында. Аудан орталығының төрт мектебінде 85 камера орнатылған. 18 ауылдық округтің әрқайсысында жаңа алты камерадан орнату жоспарда бар. Осы мақсатқа 32 млн теңге бөлінген.
Тұрғындар полицияның жұмысына оң бағасын берді. Кездесу соңында азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдау болып, Айдын Қабдұлдинов ауыл тұрғындарын учаскелік инспекторларға көмектесуге және «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстануға шақырды.