Петропавлда «30 қадам ізгілікке» жобасының аясында акция өтті. Бұл жолы көпбейінді облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатқан бүлдіршіндерге түрлі жанрдағы кітаптар тарту етілді. Іс-шараны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырды.
Кітап – ең құнды сыйлық. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері балаларға арналған кітаптарын алып, облыстық көпбейіндді балалар ауруханасына келді. Қазір мұндағы педиатрия бөлімшесінде ғана 32 бала ем алып жатыр. Акцияға кішкентай оқырмандар ерекше қуанды. Енді олар ем-домнан бос уақытта ертегі оқып, қиялына қанат бітіре алады.
ДАРИҒА СМАЙЫЛОВА, «АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ» РҚБ СҚФ ТӨРАҒАСЫ:
- Бүгін біз қаламыздағы балалар ауруханасына кітаптар әкелдік. Бұл акцияға тек жастар ғана емес, Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық этномәдени бірлестіктері де атсалысып жатыр. Сол үшін оларға алғысымызды білдіреміз. Бүгін біз АРСК қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Николаевичпен бірге балалар ауруханасына кітаптар әкелдік. Бұл кітаптар әртүрлі жанрда – арасында ертегілер де, энциклопедиялар да бар.
13 жастағы Дәулетхан Айзерені қиял-ғажайыпқа толы фантастика жанры қызықтырады. Ол да сыйға тартылған кітаптар арасынан өзіне ұнағанын тауып, оқуға асықты.
АЙЗЕРЕ ДӘУЛЕТХАН, НАУҚАС:
- Көбінесе фантастика, ІТ және ақша табу туралы кітаптарды оқимын. Соңғы оқыған кітабым да ІТ, қаржы және кәсіпкерлік туралы болды. Маған "Русская книга для чтения" ұнады себебі мен себебі көбінесе осындай кітаптарды оқығанды жақсы көремін.
Айта кету керек, бұл «30 қадам ізгілікке» қайырымдылық акциялар циклының 21-күні. Алдағы уақытта да түрлі игі іс-шаралар ӨТКІЗУ жоспарланған.