М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде ашық есік апталығы өтіп жатыр. Ол өңірдің барлық аудандарынан келген 11-ші сынып оқушыларына арналған. Түлектер университеттің білім беру бағдарламаларымен, студенттерге жасалған жағдаймен таныса алады. Іс-шараның негізгі мақсаты мамандық таңдаудың маңыздылығын түсіндіру және ЖОО-ға оқуға шақыру.
Апталық 6 күнге шақталған. Бүгін іс-шараға Тайынша, М.Жұмабаев, Есіл аудандарынан 11-сынып оқушылары келді. Мамандықтар туралы толық ақпарат алмас бұрын түлектер үшін концерттік бағдарлама мен би жарыстар ұйымдастырылды. Кейін талапкерлер өздері таңдаған пәндер бойынша факультеттермен танысты.
Жансұлу Бірімжан бұл іс-шараға Тайынша ауданынан келген. 11-ші сынып оқушысы әзірге мамандықты таңдау үстінде. Сол себепті бүгінгі іс-шараның ол үшін маңызы зор.
Ашық есік апталығының бірінші күнінде 400-ден астам түлек ЖОО-ның бағдарламасымен танысу үшін өтініш қалдырды. Бұл іс-шара әлі де жалғасады..