Аққайың ауданы Шағалалы елді мекеніндегі Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясы 1956 жылы құрылған. Бұл орталықта егіншіліктің жаңа әдістері зерттеліп, қолданысқа енгізіліп келеді. 1978 жылы Шағалалы тәжірибе станциясы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Қазір станцияда 350 адам еңбек етіп жатыр.
Механизатор – ауылға ең қажет мамандықтардың бірі. Күндіз де, түнде де, суықта да, ыстықта да жұмыс істеу керек. Тәжірибелік станцияда еңбек ететін Виталий Бугалтердің атасы, әкесі техникаға жақын болды. Олардың жолын енді Виталий жалғастырып келеді.
ВИТАЛИЙ БУГАЛТЕР №3 ТРАКТОР-ДАЛА БРИГАДАСЫНЫҢ БРИГАДИРІ:
- Жоғары бейінді тракторшы-машинист мамандығы бойынша 3 жыл оқыдым. 2010 жылы тәмамдап, күзде әкеммен бірге Енисей-1200 комбайнына көмекші болып жұмысқа орналастым. Содан кейін көктемде К700 және Енисей-1200 комбайндарында механизатор болып тұрақты жұмысқа орналастым. 2021 жылы бригадир етіп тағайындалдым.
Виталий Бугалтер ауылшаруашылығы саласында 15 жылға жуық еңбек етіп келеді. Өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып, әріптестерінің құрметіне бөленген. Ешкімге бейжай қарамайды, әрдайым қол ұшын созуға дайын. Қазіргі уақытта Виталий Юрьевичтің бригадасында шамамен 30 адам еңбек етеді.
АНДРЕЙ ЗИНЧЕНКО, ШАРУАШЫЛЫҚ АГРОНОМЫ:
- Виталий Юрьевич біздің бригадиріміз. Ол өз ісін біледі, тәжіоибелі маман. Оның басшылығымен біз мол өнім алып, қазір қар тоқтату жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізіп келеміз. Виталий Юрьевич ұжымды бір мақсатқа жұмылдыра біледі, нәтижесінде ұйымшыл, тату еңбек ұжымы қалыптасты.
ВИТАЛИЙ БУГАЛТЕР №3 ТРАКТОР-ДАЛА БРИГАДАСЫНЫҢ БРИГАДИРІ:
- Қазір біз қысқы бокс ішінде тұрмыз. Биыл жаңа қазандық орнаттық.
Басшылыққа рақмет, бұл бастамамызды қолдады. Бұрынғысы әбден тозып кеткен еді. Мұнда жылу жүйесін толықтай жаңарттық. Боксты қолдан келгенше күтіп ұстаймыз.Уақыт болғанда, егін егу маусымынан кейін әктеу жұмыстарын жүргіземіз. Бұл бригадада 23 тұрақты жұмысшы бар, ал жазғы науқанда уақытша 30-ға дейін жұмысшы аламыз. Қазіргі уақытта механизаторлар саны – 15
Жұбайы Марина Бугалтермен бірге төрт баланы тәрбиелеп отырған бақытты әке. Биыл олардың шаңырағында сәби дүниеге келмек.
ВИТАЛИЙ БУГАЛТЕР №3 ТРАКТОР-ДАЛА БРИГАДАСЫНЫҢ БРИГАДИРІ:
- Адам механизатор болып тумайды, қандай жұмыста болмасын ең бастысы – ниет пен қызығушылық. Мысалы, әкемнің отбасында жеті бала болған, бірақ олардың ішінде тек ол ғана механизатор атанды. Менің ойымша, техникаға деген сүйіспеншілік бала кезден қалыптасуы керек. Әкемнің қасында жүретінмін, тіпті рөлге де отырғызып қоятын.
Виталий бала күнінде әкесіне техника жөндеуге көмектесетін. Бос уақытын көбіне шаруашылықтың техника алаңында өткізетін.
ЮРИЙ БУГАЛТЕР, В.БУГАЛТЕРДІҢ ӘКЕСІ:
- Ол бала кезінен-ақ менің қасымда болды. Жұмысқа кетсем, артымнан қалмай, үнемі рөлге отыруды сұрайтын. Мотоциклдер мен мопедтерді ұнатып, оларды шұқылай беретін. Мен оны мақтан етемін. Қолынан бәрі келеді, ең бастысы – тырысып жатыр, еңбегі бар.
Қай кезеңде болсын, механизатор мамандығы ауылдағы ең маңызды және сұранысқа ие кәсіптердің бірі болып қала берді. Бұл еңбек тек жоғары кәсібилікті және техникалық білімді ғана емес, өз ісіне деген нағыз адалдықты да талап етеді.