Петропавлда «AMANAT» партиясы филиалының аймақтық даму кеңесі мен партиялық бақылау комитеті комиссиясының отырысы өтті. Сарапшылар су тасқынына дайындық және оны өткізу шараларын, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды талқылады.

Жиында көтерілген алғашқы мәселе су тасқынына дайындық шаралары жайлы болды. Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы Асет Шайкиннің айтуынша, өткен жылдағы су тасқынынан кейін қазір су айдындарының көбі толып тұр. Бүгінде облыста 8 бөгет салынып жатыр. Құтқарушылар мен қажетті техникалар тасқынмен күреске дайын.

ӘСЕТ ШАЙКИН, СҚО ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

- Өткен жылғы су тасқынынан кейін қазір су айдындары ТОЛЫП тұр. Өздеріңіз білетіндей күн жылыған бетте еріген қар суы, өзен көлдердің мұзы осының барлығы қауіп төндіреді. Бүгінде Сергеев су қоймасы да толып тұр. Біздің болжам бойынша және өткен жылғы тәжірибеге сүйенсек су тасқыны наурыз айының соңында басталады деген болжам бар. Бірақ барлығын нақты айту әлі әзірше қиын.

Комиссиясының отырысында қаралған екінші мәселе азық-түлік тауарларының бағасы жайлы болды. Облыста өткен жылы бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдерінің бағасын көтергені үшін кәсіпкерлерге 1 624 480 теңге сомасында 19 айыппұл және 123 ескерту салынды. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға қосқаны үшін 142 әкімшілік жаза қолданылды. Жауапкершілікке ірі, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері тартылды. Бұл құқық бұзушылықтар сауда нысандарының мониторингін жүргізу және электронды шот-фактураларды талдау нәтижесінде анықталды.

ЛӘЗІМ МИЯШЕВА, СҚО БОЙЫНША САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бағаларды бақылауды күшейту мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне өзгерістер енгізілді. Енді ескерту әкімшілік айыппұлмен алмастырылды. Жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 5, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 35, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Егер құқық бұзушылықтар бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 2 есе арттырылады.

Жиында картоп бағасына қатысты жағдайға ерекше назар аударылды. 2025 жылдың қаңтарында дүкендерде картоптың килограмы 340 теңгеден басталып, көтерме бағасы 220-250 теңге аралығында болған. Кейін тексерулер нәтижесінде төрт сауда субъектісі жауапкершілікке тартылды.