Қазіргі қоғамда жұмысшы мамандықтары экономикалық тұрақтылықты сақтауда және инфрақұрылымды дамытуда шешуші рөл атқарады. Технологияның қарқынды дамуы және жұмыстың автоматтандырылып жатқанына қарамастан, білікті жұмысшыларға деген сұраныс әрдайым жоғары болып қала бермек. Өңірдегі «Зенченко және К» КС тәжірибелі аппаратшы жұмыс істейді. Ол бүгін басқаларға үлгі болып жүр.
Шыңғысхан Жәкенов- «Зенченко и К» КС 7 жылдан бері еңбек етіп келеді. Кәсіпорынға студент кезінде келіп, ол жұмысын жүк тасушы болып бастаған екен.
ШЫҢҒЫСХАН ЖӘКЕНОВ, «ЗЕНЧЕНКО И К» КС ЖҰМЫСШЫСЫ:
- Кейін аппаратшы болып ауыстым. Көбіне техникамен жұмыс істеймін. Айран, сүзбе, қаймақ, сүт өнімдерін шығарамыз. Маған жұмыс кестесі өте ыңғайлы. 2 күн жұмыс істеп, 2 күн демаламыз.
Шыңғысхан Жәкеновтың айтуынша, қазір оның міндетіне жабдықтардың жұмысын бақылау, рецепт бойынша қажетті ингредиенттерді енгізу, сүттің ашығанын бақылау және дайын өнімдерді қаптау кіреді. Оның пікірінше, табысқа жетудің кілті – еңбекқорлық пен жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарауда.
ШЫҢҒЫСХАН ЖӘКЕНОВ, «ЗЕНЧЕНКО И К» КС ЖҰМЫСШЫСЫ:
- Жаңа жұмыста 2 аптадай қиналдым. 1 айдың ішінде барлығын толық меңгеріп алдым. Қазіргі таңда жұмыс жақсы жолға қойылған.
2025 жыл Қазақстанда жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Мемлекеттің осы мамандықтарды дамытуға назар аударуы оқу жағдайларын жақсартуға кепілдік береді және осындай мамандықтардың беделін арттырады. Бұл мансапты тез бастауға, лайықты табыс табуға және нарықта сұранысқа ие маман болуға деген мүмкіндік.