Биыл көрнекті қоғам қайраткері жерлесіміз Смағұл Сәдуақасовтың дүниеге келгеніне 125 жыл. Көзі тірісінде тоталитарлық жүйеге қарсы тұрып, Голощекин саясатына қарсы шықты. Асыл азамат 33 жыл ғана ғұмыр сүрiп, 1933 жылы Мәскеу-Донбасс темiр жол құрылысындағы апатта қайтыс болды.
Смағұл Сәдуақасов қазіргі Ақжар ауданының тумасы. Оның бүкіл қайраткерлік, азаматтық болмысы жарқырай танылған кезең 1925 пен 1927-ші жылдар аралығы еді. Бұл кезде ол Республика халық ағарту комиссары әрі өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі болды.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Смағұлдың өмірі бойынша көптеген құжаттар жинақтаған болатынбыз. Олар орталық мемлекеттік архивте Алматы қаласының. президент архивінде және өзімізде сақталған құжаттар. Сонымен қатар, жерлесімізге қатысты құжаттар Өзбекстанның, Ресейдың Мәскеу мен Омбы қалаларындағы архивтерден құжаттар жинақталуда.
Небәрі 33 жыл өмір сүрсе де, артына өшпейтін із қалдырған тұлғаның есімі 2022 жылдың 5-ші шілдесінде қаладағы №2 орта мектепке берілді. Содан бері білім ордасында жерлесімізге қатысты небір ауқымды жиындар өткізіліп келеді.
ӘСЕЛ ЕРЕЖЕПОВА, С.СӘДУАҚАСҰЛЫ АТЫНДАҒЫ №2 ОРТА МЕКТЕПТІҢ МҰҒАЛІМІ:
- Мектепке Смағұл Сәдуақасовтың есімі берілгеннен кейін біздің тарих мұғалімі оқушысымен бірге зерттеу жұмысына кірісті. Смағұл Сәдуақасов жайлы ақапарат өте аз. Дегенмен, олар өте терең жұмыс жүргізді. Зерттеу жұмысы барысында олар қала мектептерінің атауларын салыстырып, талдау жұмысын жүргізді.
Смағұл Сәдуақасовтың туған жері - Ақжар ауданында қоғам қайраткеріне арналған музей де жұмыс істейді.